Ақтауда дауыл соғып, 4 адам зардап шекті. Бас-аяғы 10 минутқа созылған жаңбыр аралас желдің кесірінен кейбір нысандардың құрылыс материалдары, аялдамалардың қаңылтырлары ұшып кетті. Салдарынан түрлі дене жарақатымен төрт тұрғын облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа. Екпінді желден қаланың электр желісі зақымданып, бірнеше ауданда жарық өшті. Бағдаршамдар істемей, жолда кептеліс пайда болды. Ақтау электр желілері станциясының мәліметінше, қазір жөндеу жұмыстары аяқталып, шаһарға жарық берілді.
Ал Батыс Қазақстан облысында алғашқы қар жауып, көлік қатынасы біраз қиындады. Оралда көшедегі қарды тазалауға 139 арнайы техника шықты. Көліктердің кедергісіз жүруі үшін әуелі негізгі магистраль бойын қардан тазартып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы