Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі ашылды. Айтулы іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, көрмедегі бірегей экспонаттардың құндылығын атап өтті. Экспозицияда көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін жәдігерлерді тамашалай алады. Париж тұрғындары мен қонақтарының назарына Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді. Көрменің тағы бір ерекшелігі – Қазақстан мәдениетінің сан ғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент те ұйымдастырылған.
Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі:
Бұл көрменің ең басты құндылығы – негізгі біздің тарихымыздың кезеңдерін айшықтайды. Сақ дәуірінен бастап, мына қазақ хандығына дейін. Мұны француз әріптестеріміз осы заманауи түрде паш етіп отыр.
Гиме музейіндегі экспозицияда ұсынылған құнды жәдігерлеріміздің бірі – «Тобыл ойшылы». Салмағы 4 келі, тұрқы 25 сантиметрдей болатын тас мүсін осыдан 2-3 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қолынан шыққан туынды. Ойланып отырған адамның кейпіне келетін жәдігер тастан ойып жасалуымен құнды. Ол 1976 жылы Қостанай қаласының іргесіндегі егіс алқабынан табылған болатын. Мүсіннің мінсіз тегістігі толып жатқан технологиямен, техникамен жұмыс істейтін ХХІ ғасыр мүсіншілерінің өзін әлі күнге дейін таң қалдырады.
Қаракөз Тұрмағанбет