Қостанай қаласының прокуратурасы шартты түрде бас бостандығынан айрылған азаматтарға 300 мың теңгенің смарт сағатын тағуды ұсынып отыр. Құрылғыны сатып алу үшін қала қазынасынан 228 млн теңге керек. Құрылғы жазасын өтеушілерді қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Бас бостандығы шектелген азаматтар түнгі клубтарға барса, қала аумағынан шықса, бірден тәртіп сақшыларына хабарлама келеді. Құзырлы орган мәліметінше 500 смарт сағат қажет. Жалпы құны 150 млн теңге. Оның бір жылдық қызмет көрсету ақысы 78 млн теңге.
Ерлан Басмурзин, Қостанай қаласы прокурорының орынбасары:
Қызылорда облысында мобильдік қосымшаға тіркелмеген қарапайым сағат тағылады. Оны оператор тәулік бойы бақылап отыруы тиіс. Біз Қостанайда, тіпті ТМД елдері арасында бірінші болып полиция қызметкеріне хабарлама келетін құрылғыны енгізгіміз келеді. Осылайша жұмысты жеңілдетіп, қаржысын үнемдейміз.
Қостанайда биыл қылмыс 7 пайызға азайған. Алайда рецидивтік және бұрын сотталғандар жасаған қылмыс көбейген. Құқық қорғаушылар жазасын өтеушілерді аяққа тағатын 60 білезік арқылы бақылап отыр. Бірақ бұл құрылғы ыңғайсыз болғандықтан шағым көп дейді олар. Қала бюджеті мұндай шығынды көтере алмайды. Дегенмен пилоттық жоба ретінде бастауға болады дейді жергілікті билік өкілдері.
Дәуренбек Әбдібек