Алматыда бүгін тағы жер сілкінді. Дүмпудің күші алып шаһарда - 3, Талғар мен Есік қалаларында 4 балл болған. Сейсмикалық станциялар желісінің дерегінше, зілзала ошағы Алматы қаласынан 33 шақырым жерде, шығысқа қарай орналасқан. Жыл соңына дейін мегаполисте ірі жер дүмпуі бола ма? Табиғи апат кезінде қандай қауіпсіздік шараларын ескеру керек? Жазира Оразқызының репортажы.
Жер дүмпуінен сескенетін алматылықтар таңертең бір шошып қалғаны рас. 1 сағат ішінде 112 желісіне 100-ден астам адам қоңырау шалған. Солардың басым бөлігі Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі неліктен іске қосылмағанын сұраған.
Нұрбол Айтбаев, қалалық ТЖД ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімінің басшысы:
Алдын ала жер сілкінісін ескерту жүйелері жоқ. Алматыда 3 балл болып сезілді. Дабыл жүйесі жер сілкінісі 4,4-тен жоғары болған кезде қосылады .
4.5 баллдық жер тербелісін Алматы іргесіндегі Талғар қаласының тұрғындары сезген. Зілзаланың қаншалықты қуатты болғанын бейнебақылау камераларындағы жазбалардан да анық байқауға болады. Дереу арада мектептегі сабақтар тоқтатылып, оқушылар сыртқа шығарылған. Содан соң шәкірттер қашықтан оқытуға көшірілген.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, жыл басынан бері сейсмикалық аймақта орналасқан Алматыда 400-ге жуық жер сілкінісі тіркелсе, оның тек 31-ін ғана тұрғындар сезген.
Елизавета Есенжігітова, Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:
Бұл жер сілкінісі ешқандай қауіп-қатер төндірмейтін, өңірге тән, қалыпты жағдайда болатын жер сілкінісіне жатқызамыз. Осы жылдың соңына дейін ірі, қауіп-қатер төндіретін жер сілкінісі көрсетілмеген.
Десе де, қалалық ТЖД зілзала бола қалған жағдайда алматылықтарға көмек көрсететін 384 қабылдау бекетінің құрылғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі білім беру мекемелерінің ғимаратында орналасқан.
Қуаныш Оспанов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Шатырлы лагерьлер құрылады. Адамдарға көмек көрсетіледі, регистрация жасалады. Ары қарай егер қажеттілік болса тұрғындарды автобустарға отырғызып қауіпсіз жерге апарады.
Мамандар жер дүмпуі кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Бірінші кезекте, үрейге бой алдырмай, дереу ғимараттан сыртқа шығу қажет. Жеделсаты, баспалдақты қолданбауға тырысып, электр желілері мен ағаштардан аулақ болған жөн. Алдын-ала дайындалған дабыл жол сандығын да өзіңізбен алған абзал.
Жазира Оразқызы