Қытайдың Шанхай қаласында осымен жетінші рет халықаралық импорттық тауарлар көрмесі өтіп жатыр. Оның ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Қазақстанның коммерциялық павильонында отандық өндірушілердің 50-ге тарта тауар түрі көпшілік назарына ұсынылды. Ет, сүт, май, астық өнімдері, шырындар мен сусындар, бал, тоқыма сияқты тауарлармен қоса, еліміздегі табысты электрондық және қаржылық қызметтер де таныстырылды.
260 шаршы метрлік жерде көрмеге қойылған қазақстандық тауарлар онлайн да саудаланды. Алғашқы сағаттарда-ақ отандық өнімдер 22 мың АҚШ долларына сатылып, сауда көркін қыздырды.
Шанхайда өтетін жыл сайынғы халықаралық көрмеге 300 мыңнан астам қытайлық кәсіби сатып алушы қатысатынын айта кетейік. Осылайша ұйымдастырушылар Қытайға экспортты ұлғайтуға жағдай жасайды.
Қаракөз Тұрмағанбет