Күнбағыс бітік шықса да, сұйық май қымбат. Еліміз бойынша күнбағыс негізінен шығыста өседі. Биыл шаруалар үшін ауа райы да қолайлы болды. Нәтижесінде май өңдейтін зауыттардың қоймасы өнімге толды. Қазір Шығыс Қазақстан облысында сұйық май шығаратын ірілі-ұсақты 12 кәсіпорын бар. Алайда ішкі нарықта майдың бағасы жыл сайын шарықтап барады. Кейде тіпті тапшы. Себебін тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.
Бағаның неліктен көтеріліп жатқанын ірі сауда дүкендеріндегілер де білмейді. Қазір сұрпына қарай литрі 620-дан 875 теңге аралығында саудаланып жатыр. Кейде тіпті дүкен сөрелері бос қалады. Сұйық майдың бағасы өскенімен, күнбағыс қымбаттаған жоқ. Есесіне жыл санап өңірде майлы дақылдар алқабының көлемі көбейіп келеді.
Антон Шленков, Агрохолдинг директоры:
Біз бұл алқаптан гектарына 1 000-1 200 центнерден күнбағыс алдық. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Өйткені бұрын одан да аз болатын. Ал жер көлемі үлкен шаруашылықтағы диқандар да, биыл түсімнің өте жақсы болғанын айтып жатыр.
Биыл шығыста 206 мың гектар жерге күнбағыс егілді. Күзде әр гектарынан шамамен 14-19 центнерден жалпы 400 мың тонна өнім алынды. Зауыттар күнбағыстың тоннасын сапасына қарай 120 мыңнан 140 мың теңге аралығында қабылдады. Ал аймақта қазір 12 зауыт бар. Олар жыл сайын 800 мың тонна май өндіреді.
Ажар Қажыбекова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Былтыр майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 17 центнерден аспады. Биыл 19 центнерден асып, жинап жатырмыз. Қазіргі таңда барлық жиналған майлы дақылдар зауыттарға тапсырылып жатыр. Зауыттардың 250 мың тонналық қоймалары бар.
Өңірде сұйық май өндіріп отырған ірі зауыттар биылғы өнімді әлі өңдеуді бастамаған. Себебі сан алуан. Кәсіпорнын көрсетуге бірде-бірінің басшысы құлық танытпады. Бірақ баға қалыпты деп отыр.
Ғазиз Тоқанұлы, май зауытының коммерциялық директоры:
Енді өнімінің бағасы 80 пайыз шикізатқа байланысты. Біз шаруашылықтардан күнбағысты неғұрлым арзан алсақ, соғұрлым майдың да бағасы арзан болады.
Раушан Шаниязова, азық-түлік кешенінің менеджері:
Бағасы 5-10 пайызға дейін өсті. Әр фирма әртүрлі береді. Ол қабылдау зауыттарына байланысты. Бұл әлеуметтік баға. Бұл 10-15 пайыздан жоғары болмау керек. Сол үшін бір қалыпты болуын әкелушілерден де сұраймыз.
Әлеуметтік тауар болса да, сұйық майдың тапшылығын және қымбатшылыққа неге тоқтам болмай тұрғанын ешкім нақты айта алмайды. Ал зауыттардың биылғы күнбағысты өңдеуді қашан бастайтыны да белгісіз.
Олжас Керейхан