Солтүстік Қазақстанда таңда жауған қар ақтүтек боранға ұласты. Санаулы сағатта түскен қардың қалыңдығы 10 сантиметрден асты. Ал желдің екпіні секундына 22 сантимерге жетті. Салдарынан көлік қозғалысы қиындап, кей бағытта облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Синоптиктердің болжамынша ертең де қатты жел соғып, боран болуы ықтимал.
Ақтөбе облысында екі тәулікте 30 көлік апаты тіркелді. Кей аудандарда толассыз жаңбыр мен қардан жолдар көктайғаққа айналды. Салдарынан 4 жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, аударылып қалған. Ауыр жарақат алғандар жоқ. Бүгін «Ақтөбе-Қарауылкелді» бағытындағы жолда жүк көліктері мен автобустардың жүруіне уақытша шектеу қойылды.
Қостанайда да қалың қар жауып, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Қаланың тазалығын қамтамасыз ету үшін 85 арнайы техника мен 250 адам іске кірісті. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға жолға шықпауға кеңес берді.
Эльмира Кәленова