Павлодар қаласының дәл іргесіндегі Жетекші ауылында салынып жатқан мәдениет үйі қараусыз қалғалы 1 жыл болды. Қазір қоршауы құлап, ауласын арам шөп басқан. Тендерді ұтып алған мердігер іргетасын салып, қабырғасын жартылай көтеріп қойды. Нысан биыл сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс еді.
Дәулет Қабдышев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
Құрылыс жұмысының баяу қарқынмен жүргізілуіне байланысты мердігер ұйыммен біржақты тәртіпте келісімшарт бұзылды. Сот шешімімен берілген аванс қайтарылды. Құрылыс материалдарының екі есе өсуіне байланысты жоба құны 1 млрд. 200 млн. теңгені құрап отыр. Бастапқы құны 2020 жылы 595 млн. теңгені құрайтын.
Нысанның конкурсқа екі есе қымбат бағамен шығарылуы Мәжілістегі «Аманат» партиясы фракциясының жұмыс тобына күмән туғызып отыр. Себебі елімізде құрылыс материалдарының инфляциясы екі есе қымбаттады деген статистика жоқ
Нұржан Әшімбетов, Мәжіліс депутаты:
Мен бұл нысанда 2023 жылы болдым. Ол кезде құрылыс енді басталған екен. Мердігер бірден жобалау сметалық құжаттарында көрсетілген қаржы жетпейді деп айтты. Себебі дәл сол уақытта Павлодарское ауылында дәл осындай мәдениет үйі анағұрлым қымбат қаржыға салынып жатқан. Қаржыландыруды қайта қарап, сол мердігерге қосымша ақша бөлгенде құрылыс әлдеқашан дайын болар еді. Жаңа мердігер іздеп және қаржыны екі есе көбейту күдік тудырады. Сондықтан біз бұл мәселені бақылауға алдық.
Болат Аманбаев