Таразда «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді

06.11.2024

Тараз қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім ұясы пайдалануға берілді. «Бәйтерек» шағын ауданында бой көтерген №66 мектепте 1200 бала оқиды. 6 млрд теңгеден астам қаржыға салынған ағарту ошағында білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған.

«Бәйтерек» шағын ауданында бір жыл бұрын басталған «Жайлы мектеп» құрылысы межелі мерзімінде аяқталды. Мектепте 60 сынып, 2 спорт залы мен ауқымды асханасы бар. Түрлі бағыттағы шығармашылық шеберханалар, 10 коуоркинг орталығы, лингафон, зертхана кабинеттері жұмыс істейді. Ал ашылу рәсімінде аймақ әкімі балаларға арналған телестудияның сертификатын табыстады.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Мақсатымыз қала мен ауыл мектеп оқушыларының білім сапасындағы алшақтықты жою. Балаларымызды кең заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету. Бұл олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.

Заманауи үлгіде салынған зәулім мектептің арқасында енді шағын аудан оқушылары үш ауысымда оқып, әуре сарсаңға түспейді. Бұған дейін балалар «Бәйтерек» шағын ауданындағы жалғыз мектепке баратын.

Рауан Садырқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы:

Бұл мектебіміздің ашылуы осы жанындағы 3 лицейдің 3 ауысымдылық мәселесін шешіп отыр. Қазіргі таңда мектепке 1600-ге жуық бала қабылданып білім беруге дайын.

№66 білім ұясы «Жайлы мектеп» жобасы аясында ашылған аймақтағы екінші мектеп. Ал біріншісі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында салынды. Бұл бағытта жыл соңына дейін тағы 7 мектептің құрылысы аяқталмақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу