Астанада сабақ уақыты қысқартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада сабақ уақыты қысқартылды

06.11.2024

Астанада сабақ уақыты қысқартылды. Бүгін бас қалада екінші ауысымдағы оқушылардың сабағы 30 минуттан болды. Қалалық білім басқармасы мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр. Сол үшін «мектептер оқушыларды қараңғы түскенге дейін ересектермен бірге үйіне қайтаруы керек», - делінген хабарламада. Өзге өңірлерде жағдай қалай? Әріптесім Серік Жұмабектен білейік.

Серік Жұмабек, тілші:

Бүгін Астанада жел қатты соғып тұр. Синоптиктердің айтуынша, шамамен, секундына 30 метрге дейін жетеді. Осыған байланысты мектептерде екінші ауысымдағы сабақтар қысқартылып, 30 минуттан оқытылды. Ал «Қазгидромет» мамандары бүгін-ертең тек бас шаһарда ғана емес, бүкіл ел бойынша тұрақсыз ауа райы сақталады деп отыр. Жауын-шашынның соңы қалың қарға ұласуы мүмкін екенін айтады. Сала маманын жазып алған едік. Тыңдап көрсек.

Камшат Катауф, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

7 қарашада түнде республиканың солтүстігінде қалың қар жауады. Елдің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік шығысында нөсер жаңбыр, қар жауады деп күтіледі. Республиканың солтүстік батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында жылдамдығы 30 м/с жел соғады. Елдің солтүстігінде, шығысында ауа температурасы түнде 5-10 градусқа дейін, күндіз 2-7 градус аязға дейін төмендеуі күтіледі.

Серік Жұмабек, тілші:

Ауа райы бұзылса, бірден такси бағасының шарықтайтыны белгілі. Мысалы, дәл қазір мына мен тұрған Қазмедиа орталығы мен Хан шатыр сауда орталығының арасындағы эконом санаттағы такси бағасы 2 мың теңге сұрап тұр. Бұл әдеттегіден 2 есеге қымбат. Ауа райының бұзылуына байланысты мамандар сақ болу керектігін ескертеді. Әсіресе, балаларды айрықша қадағалап, ашық аялдамалар, билбордтар мен құрылысы аяқталмаған ғимараттардың ішін паналамауға шақырады және автокөлікті биік ғимарат пен ағаштардан алыс қоюды ескертеді.


Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу