Бүгін Шымкентте Орталық Азия елдері театрларының халықаралық фестивалі басталды. Оған түркі тілдес мемлекеттерден 8 өнер ұжымы қатысуда. Сахна шеберлері жиылған бұл жолғы фестиваль Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Фестиваль қазақ театр өнерінің негізін қалаушы, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Өнер мерекесіне келген театр ұжымдары салтанатты жағдайда көпшілікке таныстырылды.
Искандер Султанов, Өзбекстан республикасы Самарқан облыстық музыкалық драма театрының басшысы:
Мұндай фестивальдер әр елдің тарихы мен дәстүірін, мәдениеті пен өнерін танып білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өнер ұжымдарының бір-бірімен етене араласып, шығармашылық тұрғыда дамуына арқау болады. Ойымыз бір жерден табылып жатса келешекте қазақ тілінде сахналық қойылым қою, қазақстандық әріптестірмізбен бірге драмалар, туындылар жазу да ойымызда бар.
Фестивальге Өзбекстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қарақалпақстан және Татарстан республикасының 10 театр ұжымы қатысуда. Шаһар жұртшылығы енді 6 күн бойына осы өнер ордаларының қойылымдарын тамашалау мүмкіндігіне ие. Тарихшылар мен өнер адамдарының ізденісі нәтижесінде Шымкенттегі қазақ драма театрының шежіресі биыл тарих қойнауына қарай тағы 5 жылға тереңдеді. Осылайша сахна ордасына биыл 95 жыл толып отыр.
Сая Қасымбек, Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
Негізі театрлар 5 қойылымды жыл көлемінде қоятын болса, біздің театрымыз қаңтар айынан бері 4 қойылым қойды. Қазіргі таңда «Турандот ханшайым» деген жаңа қойылым дайындап жатыр. Осы жылдың соңына дейін 3 жаңа қойылымымыз бар. Сондықтан театр көрермендерін тағы да қуанта бермекпіз.
Фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуетін жақсарту мақсатында шеберлік сабақтары да өткізіледі. Жұмат Шанин тетарының мерейтойына орай бүгін бір топ өнер майталмандары марапатқа ие болды.
Ғани Қалмаханов