АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп өзінің әкімшілігін жасақтауға әзірленіп жатыр. Бұның алдында оның демократ қарсыласы Камала Харрис жеңілгенін мойындады. Сонымен қатар, республикалықтар Сенатты да бақылауға алып, Конгрестің өкілдер палатасы үшін күресте алға шықты.
Шілдеден бері халықпен кездесіп, қызу насихат жүргізген Камала Харристің Дональд Трампты Ақ үйге қайтармау әрекеті сәтсіз аяқталды. Сол себепті демократ үміткер республикалық қарсыласының жеңісін мойындауға мәжбүр.
Камала Харрис:
Бірақ біз бұл сайлаудың нәтижелерін қабылдауымыз керек. Бүгін таңертең мен сайланған президент Трамппен сөйлесіп, оны жеңісімен құттықтадым. Енді билікті бейбіт жолмен берумен айналысамыз.
60 жастағы Харрис мұндай мәлімдемені өзі білім алған Howard университетінде жасады. Айтуынша, демократтар сүреңсіз уақытқа аяқ басты, бірақ оптимизмді жоғалтпауы керек. Тағы бір сөзінде Харрис күресті тоқтатпайтынын ескертті.
Камала Харрис:
Нәтиже біз қалағандай болмады. Мұндай қорытынды үшін күреспеген едік. Жеңілгенімізді мойындасақ та, осы науқанға себеп болған күрестен бас тартпақ емеспіз.
Харрис небары 107-күндік үгіт-насихат науқанында инфляция, иммиграция, экономикадан гөрі әйелдер құқығы мен абортқа көбірек мән берді. Сонымен қатар, оның ойсырай жеңілуіне халық алдында беделі төмен Байден әкімшілігінің көлеңкесінен шыға алмауы да себеп болса керек.
Джулиан Зелизер, Принстон университетінің профессоры:
Меніңше, өткенге көз жіберсек, үлкен проблема Харристің өзінде емес – оның артында тұрған аса беделсіз әкімшілікте. Бұл жағдай оған өзін өзгеріс әкелетін кандидат ретінде ұсынуға кедергі жасады.
Трампқа экономикаға, инфляцияға, заңсыз иммиграцияға алаңдағандар, Американы бәрінен бұрын қоятындар, ер адамдар, ауылдықтар, жоғары білімі жоқтар көбірек дауыс берді. Сонымен қатар, биыл Трампты жақтайтын испантілділер де көбейген.
Дональд Трамп:
Біз шекараның беріктігі мен қауіпсіздігін қалаймыз. Сонымен қатар, бізге үздік білім, қуатты армия қажет. Ең дұрысы – сол әскерді пайдаланудың қажеті жоқ. Білесіз бе, бізде соғыс болмайды.
«Associated Press» агенттігінің дерегінше, Харристі сайлаушылар алқасының 226 мүшесі, Трампты 295 мүшесі қолдаған.
Сонымен қатар, демократтар Ақ үйден ғана емес, Сенаттан да айрылып отыр. Бұған қоса, республикалықтар Конгрестің өкілдер палатасы үшін күресте де алда келеді.
Арыстан Рысбек