Ерекше балаларға ерекше жағдай жасалуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерекше балаларға ерекше жағдай жасалуы керек

07.11.2024

Қазақстан халқының 3,6 пайызы мүгедектігі бар азаматтар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осылай дейді. Елімізде мүмкіндігі шектеулі 732 мың 61 адам болса, оның 84 пайызы (619 739) ересектер. Қалған 16 пайызы (112 322) 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Соңғы 3 жылда мүгедектігі бар балалардың саны 11 пайызға өскен. Негізінен, жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар және психиканың бұзылуы көбірек кездеседі. Ерекше балалар тиісті деңгейде білім алып жүр ме? Қандай кедергілер бар? Әріптесім Серік Жұмабек айтады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69%-да, мектептердің 88%-да, колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Білім ордаларында арнайы жабдықталған 1 071 кабинет бар. Балаларды оқыту, тәрбиелеу мен оңалтуды 496 білім беру ұйымы жүзеге асырады. Бұл сала министрінің мәліметі, бірақ, мәселе санда емес, сапада. Кейіпкеріміз Гүлбану Бөрібаеваның 7 жастағы ұлы биыл жалпы білім беретін мектепке барған. Оған 3 жасында «психикалық дамудың тежелуі» диагнозы қойылыпты. Айтуынша, сынып жетекшісі мен педагог көмекшісінің де арнайы тәжірибесі жоқ.

Гүлбану Бөрібаева, қала тұрғыны:

Бірінші сыныпқа барған кезде, бізге қиындық туғызған мәселе мамандардың тәжірибесінің болмауы. Яғни, сынып жетекшісінің я болмаса педагог-ассисенттердің арнайы тәжірибесі болмауы мені қынжылтты. Мысалы, директордан сұраған кезде, алдағы уақытта олардың білімдерін жетілдіреміз деді. Бірақ ол қашан деген сұрақ туындайды осы жерде.

Сол үшін де педагогикалық маман дайындайтын білім ошақтарында ерекше балаларды оқыту бағдарламасы әзірленсе, қалаберді мектеппен университет арасында коллаборация болса дейді. Яғни, студенттер диплом алмай тұрып ерекше баламен жұмыс жасап көруі керек. Келесі мәселе оқу жоспарына қатысты.

Көркемай Мұхитова, инклюзия саласын зерттеуші:

Конституция бойынша, әрбір Қазақстан азаматы орта білім алуға құқылы. Дегенмен, интеллектуалды дамуында ерекшеліктері бар балаларға жеке оқу жоспарлары тек тоғызыншы сыныпқа дейін қарастырылған. Сондықтан көп жағдайда мектеп әкімшілігі ерекше баланы 10-11 сыныпқа өткізгісі келмейді. Бұл оқушылардың келешекте жоғары оқу орнына түсу мүмкіншілігінен айырады.

Логопед-дефектолог Камила Қалмағанбетова да ерекше бала тәрбиелеп отыр. Ай сайынғы еміне 800 мың мен 1,5 млн теңге аралығында ақша керек. Баланың жан-жақты дамуы мен білім алуы үшін мемлекет тарапынан ерекше балаларға қаржылық қолдау болса дейді.

Камила Қалмағанбетова, педагог, логопед- дефектолог:

Қазіргі таңда диагнозы анық балалар бар ғой мүгедек екені расталған. Олардың жәрдемақысы бар. Одан бөлек ерекше балаларға арналған ондай жәрдемақы жоқ. Сондай ерекше балалары бар аналарға жәрдемақы берсе екен деген ұсыныс айтар едім. Себебі, бір адамның ақшасы жетпейді. Кейбіреулерінің әкесі де жоқ, тек анасы ғана жүгіріп жүр.

Гүлбану Бөрібаева, қала тұрғыны:

Көп аналар осындай балаларды тәрбиелеп отырып, 8 сағаттық жұмысқа барады. Әсіресе ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналардың уақыты қысқартылса екен. Мысалы, 8 сағат емес, мүмкін 6-5 сағатқа. Себебі, көбісі жұмыс істейді, баланы бассейні бар дамыту орталықтарына  тасу уақытты, үлкен энергияны, ресурсты қажет етеді.

Серік Жұмабек, тілші;

Мамандардың айтуынша, көп ата-ана өз құқықтарын дұрыс білмегендіктен мектептен шығарып жібере ме деп қорқып, көп дүниені талап ете алмайды екен. Тіпті, жалақының аздығынан салада 3 500 арнайы маман тапшы. Салдарынан кей ата-ана балаларын арнайы мектепке беруге мәжбүр дейді. Бірақ, ерекше балалардың бір жерде шоғырлануы сегрегацияға алып келуі мүмкін екенін айтады. Ал, сегрегация инклюзивті білім беру саясатына қайшы. Біз, бас қаладағы екі кейіпкердің көтерген мәселесі төңірегінде материал дайындадық. Ауылдағы жағдайды өзіңіз бағамдай беріңіз.


Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу