Жыл басынан бері елімізде 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Ішкі істер министрлігі өткен 10 айдың статистикасын ұсынды. Алданғандардың көпшілігі, яғни 6200-ден астам тұрғын арзан бағада тауар ұсынғандардың құрығына іліккен. Олар алаяқтарға жоқ тауар үшін алдын ала төлем жасаған.
Ал 2 мыңға жуық адам инвестиция салуға шақырғандардың арбауына түскен. Мамандар алаяқтардан сақ болуға шақырады. Күмәнді инвестициялар,тексерілмеген сайттар, оңай берілетін несие мен арзан тауарға сенбеу керек, дейді.
Бұдан бөлек, банк және құқық қорғау органдары қызметкерінің атын жамылып қоңырау шалғандарға 4 жарым мыңдай адам алданып, жеке деректерін ұсынған. Осындай деректерді азайту үшін қазір операторлар шетел нөмірлерін «спам» деп қабылдап, бірден тоқтатуға кіріскен. Содан бері 63 миллионнан астам қоңырау бұғатталған.
Асылбек Данияр