Еліміздің валюта нарығындағы доллар бағамы тұрақсыз болып, сан құбылып тұр. Қазір доллар 500 теңгеге таяды. Мәселен бүгін Алматы қаласындағы ақша айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 491-493 теңге аралығында саудаланып жатыр. Көк қағаздың бұлайша құбылуына Америкадағы саяси науқан да айтарлықтай әсерін тигізді дейді экономистер. Сондай-ақ доллар бағамына мұнай бағасы, инфляция деңгейі мен импорт көлемінің артуы әсер етіп отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, қазан айында долларды сатып алу бойынша операциялардың көлемі қыркүйекпен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Қазақстандық банктер АҚШ валютасын 16,5% көп сатты. Өткен айда долларды сатып алу мен сатудың ең көп үлесі шетелдік банктермен операцияларға тиесілі болған.
Құралай Сақыбаева, Экономика ғылымдарының кандидаты:
АҚШ президентін сайлауы әсер етіп, ауытқушылыққа әкеліп отыр. Инвесторлардың барлығы әліптің артын бағып, не болады деп осы уақытқа дейін күтті. Трамптың саясатына байланысты, Ресей мен Украина соғысы – оның бәрі долларға әсер етеді. Менің болжамым бойынша, доллар өседі.
Сарапшылардың сөзінше, доллар бағамы құбылса да, ел ішінде қымбатшылық болмауын назарда ұстаған жөн. Ұлттық валюта бағамының құбылуы халық тұрмысына қалай әсер етіп жатыр? Алматылықтардың пікірін білген едік.
Жазира Оразқызы