Елімізде тері өңдеу кәсібі кенжелеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тері өңдеу кәсібі кенжелеп тұр

09.11.2024

Елімізде тері өңдеу кәсібі кенжелеп тұр. Өйткені, мал терісі қажетке жарамай, қоқысқа кетіп жатыр. Соның салдарынан былғарымен жұмыс істейтін қолөнер шеберлері де көп емес. Сапалы өнімнің көбі шет елден қымбат бағамен келеді. Сондықтан одан дайындалған бұйымдарды қарапайым халық сатып ала алмайды. Ақтөбеге жиналған шеберлер мен ғалымдар осындай түйткілді мәселелерді ортаға салды, шеберлік сағаттарын өткізді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір тері бұйымдарына деген сұраныс көп. Мәселен, мынадай ат әбзелдері жиынтығының құны бір млн теңгеден басталады. Шеберлер тапсырыс берушінің сұранысына сай оны алтынмен аптап, күміспен қаптап, тіпті, маңдайына гауһар тасқа дейін орнатып бере алады.

Түркістан облысынан келген шебер Беріктің айтуынша, қазір ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарына халықтың сұранысы артқан. Дегенмен, сапалы тері табу қиын. Еліміз бойынша ірі қара малдың терісін төрт-бес цех қана өңдей алады. Ұзақ уақыт алатындықтан шеберлердің өздері бұл іспен айналыса бермейді.

Берік Бейісбеков, қолөнер шебері:

Арзан зат емес ол. Бір теріні әжептәуір бағаға аласыз. Ол затты істеп, ары қарай сатам дегенше біршама уақыт өтеді. Оны сатқан теріңіз біраз ақшаны ұстап қалады. Жаңадан бастағандарға кішкене қиын болады.

Ақтөбеге жиналған шеберлер теріні өңдеу әдісін, ат әбзелдері мен дауылпаз, торсық секілді бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетті. Бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Нұржан Есқожин, қолөнер шебері:

Ешкі малының терісінің физикалық қасиетіне тоқталып кетсем, басқа малдардың терісіне қарағанда бұның физикалық қасиеті – бір-екі суға түйгеннен кейін созылу процесі тоқтайды. Сол себепті музыкалық аспаптарға пайдаланамыз.

Қазір бұл салаға қызығатын жастар да азайған. Жоғарғы оқу орындары мен колледждерде тері өңдеу мамандығын үйрететін арнайы бөлім де жоқ. Ал, сойылған мал терісінің қажетке жаратылмауы – өз алдына үлкен мәселе.

Естай Дәубаев, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры:

Түркиядағы теріні кім дамытты? Қазақтар дамытты бізден барған. Қытайдағы теріні де біздің қазақтар дамытты жергілікті. Код дейміз ғой, генетикалық, ол бар біздің қанымызда. Шірітіп лақтырғаннан гөрі болмаса, шикізат ретінде өткізейік. Бірақ сол шикізатты неге өзіміз пайдаланбасқа? Теріден жасалған дүниелер керемет қой.

Аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен облыс саналатын Ақтөбенің өзінде тері өңдейтін кәсіпорын жоқ. Сала мамандарының айтуынша, тері өндірісін дамыту үшін мемлекеттік деңгейде қолдау қажет.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу