Алматы облысында орналасқан Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы аң-құс көбейіп келеді. Ерекше қорғалатын аумақта әсіресе қарақұйрық саны артқан. Бір жылда Қызыл кітапқа енген жануар саны екі еселеніп отыр. Бұл орманшы қорықшылардың дамылсыз еңбегінің жемісі дейді мамандар. Парк қызметкерлері мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының күзгі санағына біздің де әріптестер қатысып қайтты.
Шарын ұлттық табиғи паркінің бір ғана Темірлік кардонында шамамен 500-ге жуық қарақұйрық жайылып жүр. Түз тағысын санауға орманшы қорықшылармен бірге ғалымдардың да қатысуы маңызды. Ал санақ жүргізудің өзіндік тәсілі болады.
Дархан Әкімжанов, экология ғылымдарының докторы:
Автокөлікте мысалы екі адам отырса, бір адам оң жағын санайды. Бір адам сол жағын санайды. Бір жануарды екі рет санап кетпеу үшін. Солай өзінің методикалық әдістері бар.
Паркте популяцияның көбеюі бірінші кезекте мұндағы қызметкерлердің еңбегінің нәтижесі деуге болады. Соңғы бірнеше жылда браконьерлердің қарасы көрінбеген. Жануардың емін-еркін жайылуына және арнайы суаттардан су ішуіне ерекше мән беріледі.
Гүлмира Нысанбаева, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
Ұлттық табиғи парктің ерекше қорғалатын табиғи аумақ екені халықтың санасына да кірді. Мұнда заңдылықтардың, заңдардың қатты екенін, күшейтілгенін бүгінгі таңда халықтың санасына кіріп, бүгінгі күнге қаскерліктер бізде жоқ деп айтса болады.
Қарақұйрық санау барысында парк қызметкерлері тазқара мен тау текесінің санағын қосымша жүргізді. Айтуларынша жыртқыш құс пен тұяқтылардың да саны едәуір өсіп келеді.
Қуаныш Қанатұлы