Берлин қабырғасының құлағанына 35 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берлин қабырғасының құлағанына 35 жыл толды

09.11.2024

Бүгін Германия жұртшылығы Берлин қабырғасының құлауының 35-жылдығын мерекелейді. Бұл қорған не үшін тұрғызылды, қалай күйреді? Германияның бірігуіне жол ашқан тарихи оқиға Еуропа мен әлемді қандай өзгерістерге жетеледі? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Берлинді 30 жылға жуық батыс пен шығысқа бөлген 45-шақырымдық қабырғаның құлағанына бүгін 35 жыл. Капитализм мен коммунизмнің ортасында бой көтеріп, «қырғи-қабақ» соғыстың символына айналған тарихи қорғанның күйреуі 1990 жылы екі Германияның бірігуіне жол ашты.

Шығыс Германияда туған Тим Эйзенлор - 14 жасынан бері, яғни, 1987 жылдан бастап коммунистік режиммен күреске кірісіп, осы қабырғаның құлауына атсалысқан жастардың бірі. Ол 1989 жылдың қарашасын былай еске алады.

Тим Эйзанлор, бұрынғы Шығыс Германия режимінің сыншысы:

Біз Қабырғаның үстіне бірге шықтық. Ол кезде 16 жаста едім. Әрине, Берлин қабырғасымен бірге Шығыс Германияның күйреп жатқанын көру ерекше әсерге бөледі. Мен тарихи оқиғаға батыс жаққа өтіп, куә болдым. Сол сәтті бір оқ атпай, бейбіт жолмен мақсатымызға жеткен қуанышты күн деп еске аламын.

Берлин қабырғасының құрылысы 1961 жылы тамыздың 13-інде басталды. Сол кездегі ГДР үкіметі оны Шығыс Германия азаматтарының Батысқа қашуына жол бермеу үшін тұрғызды. Кеңестік насихатшылар болса, бұл қабырғаны ГДР-де коммунизм орнатуға талаптанған халықты «фашистік элементтерден» қорғаушы ретінде сипаттап бақты.

Эйзанлордың сөзінше, шығыстан кеткісі келгендер үнемі құпия полицияның қырағы бақылауында болған.

Тим Эйзанлор, бұрынғы Шығыс Германия режимінің сыншысы:

Мен бұл ауданға трамваймен ұдайы келіп тұрушы едім. Сондағы мақсатым - кітапханадан кітап алу немесе сол кітапты қайтару. «Штази» деген құпия полиция жасағы болды. Олар ұстап алмаса екен деп үнемі қорқып жүретінмін.

Берлин қабырғасының құлауы нәтижесінде «қырғи-қабақ» соғыс аяқталып, АҚШ пен КСРО-ны тайталастырған екі полярлық әлемдік тәртіп жойылып, жаңа геосаяси бәсекеге жол ашылды. Екі Германия бірігіп, Шығыс Еуропа елдері демократияға көшті. Және де аймақта саяси шиеленіс әлсіреп, ақыр соңында Еуропа одағы құрылды. Бұған қоса, осы қабырғаның құлауы Еуропада бейбіт шерулердің күшімен өзгеріс жасауға болатынын көрсетіп берді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу