Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады: Бір адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады: Бір адам қаза тапты

10.11.2024

Египетте Суэц шығанағының жағасындағы Рас-Сидр қаласының маңында туристер мінген автобус аударылып, үш қазақстандықтың зардап шеккені туралы хабар тарады. Зардап шеккендердің жалпы саны – 40, көбі ТМД-ға мүше мемлекеттердің туристері. Бәрі ауруханаға жеткізілген.

Ал кеше Ақтөбе облысы Мартөк ауданы Сарыжар ауылының маңында Қорғаныс министрлігіне қарайтын тікұшақ апатқа ұшырады.

«Ақтөбе облысында оқу-жаттығу кезінде болған авиациялық апат салдарынан Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, 1988 жылы туған майор Батыр Оразымбетов қаза тапты», – деген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Батыр тәжірибелі ұшқыш болған. Кәсіби білікті және адал адам еді деп сипатталады, биыл көктемде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Үйленген, артында екі баласы қалды. Отбасына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі, деген Қорғаныс министрлігі.

Апаттан аман қалған 33 жастағы экипаж командирі майор Бейбарыс Ибраев. Ол да көктемгі су тасқыны кезінде 3000-нан астам адамды құтқарған. Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, майор Ибраевтың денесін бірінші дәрежелі күйік шалған. Тікұшақта болған үшінші адам - аға ұшқыш Рүстем Нығметовтің омыртқасы мен жамбасы сынған.

Тікұшақ апатқа ұшыраған жерге Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы барды. Болжам бойынша, авиациялық апатқа техникалық ақау себеп болған. Ми-8 тікұшағына соңғы күрделі жөндеу былтыр жасалған. Қорытынды тергеу аяқталғаннан кейін жарияланады.

Жалпы соңғы 15 жылда Ми-8 тікұшақтары 7 рет құлаған. 2009 жылы 10 адам, 2010 жылы 8 адам, 2012 жылы 8 адам, 2019 жылы 13 адам опат болған еді. Ми-8 тікұшағы адам өлімі тіркелмеген апаттарға да жиі ұшырайды.


Хабарламаларға жазылу