Қостанай облысында боранды күні жолға шығып далада қалған үш адам құтқарылды. Олардың көліктері Сарыкөл ауданындағы Новое ауылынан 35 шақырым қашықта қарға батып қалған. Сондай-ақ Әулиекөл-Сұрған тас жолының 22-ші шақырымында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам зардап шекті. Жалпы соңғы тәулікте облыс аумағында 40 жол апаты тіркелген.
Карина Базарбаева, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
Жоғарыда айтылған жол апатының бәрі ауа-райы салдарынан емес, жүргізушілердің ережені сақтамауынан болған. Осы мезгілде полиция күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жүргізушілер мен алдын алу, түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Ал Ақмола облысында полицейлер боранда қалған 600-ге жуық көлікке жол бастап, діттеген жеріне жеткізді. Үш колоннаға бөлінген машиналарды 50-ге жуық тәртіп сақшысы мен 24 патрульдік автокөлік алып жүрді. Өңірде кеше ауа-райы күрт нашарлап бірнеше бағыттағы жол жабылды. Блокбекеттер қойылып, 277 жылыту пункті дайындалды. Демалыс күндері қарлы боранда жолда қалған Есіл, Жарқайың және Бурабай аудандарының 15 тұрғыны құтқарылды. Оның төртеуі бала.
Дәуренбек Әбдібек