Алматы облысында 5 мың түп ағаш екті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 5 мың түп ағаш екті

11.11.2024

Алматы облысының Ұйғыр ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 5 мың түп ағаш отырғызылды. Көшеттер «Шонжы-Қалжат» тас жолының бойына егілді. Науқанға барлық ауылдың белсенді жастары, ақсақалдар мен еңбек ұжымдары қатысты. Олардың қатарында «Шарын» ұлттық паркінің қызметкерлері де бар. Шараны аудан әкімдігі мен облыстың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.

Қара далаға қара ағашпен қатар 150 келі сексеуіл дәні себілді. Жергілікті тұрғындар бұл ағаштар шөлге, қатты суыққа төзімді болғандықтан таңдалғанын айтады. Экологиялық акцияға 300-ден аса адам бір кісідей атсалысты.

Бекболат Солтанбаев, Сүмбе ауылдық округының әкімі:

Шонжыдан Қалжатқа дейінгі аралыққа екі қатармен қара ағаш көшеті мен сексеуілдің ұрығын сеуіп, осыны көгалдандырып, көркейтуге аудан жұртшылығы, барлық елді мекеннен келіп, бүгінгі осы акцияның бастамасы, іс шара бастау алып жатыр.

Көшет отырғызған аудан жұртшылығы бұл бастаманың мәні зор және қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар ортақ мақсатқа жұмылып, туған жерді таза және экологиялық тұрақты етуге мүмкіндік беріп отыр, - дейді.

Бақтияр Юлдашев, орманшы:

Келешекте, болашақта өзіміздің перзенттерімізді, өзіміздің еліміз, жұртымыз деп патриоттық сезім білідереді деген ниеттемін. Көгалдандыру мақсатында бүкіл әкімшілік бастап, халқымыз, бүкіл ауылдың белсенді қатысып жатқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз.

Атап өтсек, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және қоршаған ортаға қамқорлық танытуға үндейді. Биыл Ұйғыр ауданы бойынша 10 мың түп көшет отырғызылған. Келер жылы 15-20 мың ағаш егу жоспарланған, - дейді жауаптылар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу