Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан ұшқыш Батыр Оразымбетовты жерлестері ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі ол еңбек еткен Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтында өтті. Қаралы жиынға Қорғаныс министрлігі мен облыс әкімдігінің өкілдері және марқұмның туыстары қатысты. Әуе қорғаныс күштері институтының жеке құрамы сап түзеп, әріптестері мен туыстары Батыр Орызымбетов туралы естеліктер айтты. Ол өмірінің 500 сағатын әуеде өткізген. Көктемгі су тасқыны кезінде алыс аудандарға адам мен гуманитарлық көмек жеткізу ісіне де белсене қатысты. Берілген тапсырманы адал орындаған мақтаулы маман болды.
Бауыржан Қаражанов, марқұмның әріптесі:
Батыр – жан досым. 2006 жылы бірге оқуға түскенбіз. Сол кезде таныстық. 2006 жылдан бері дос болып, бірге оқыдық, қызмет атқардық. Ми-8 тікұшақта ұштық.
Қайғылы жағдай өткен сенбі күні болған еді. Мәртөк ауданының аумағында оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде тікұшақ құлап түскен. Апатқа әуе көлігінің техникалық ақауы себеп болғаны айтылды. Бортта үш адам болған. Бірі сол жерде жан тапсырып, екеуі шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты екенін айтты. Бүгін палатаға шығарылады.
Мақсұт Оразжанов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
Астанамен телемедицина арқылы арқылы сөйлесіп, сол кісілерден кеңес алдық. Ем қабылдауын, тексеруін, бәрін келістік. Бүгінгі күні екі науқастың да жағдайы орташа. Бүгін жағдайлары тұрақты болғандықтан бөлімге көшіреміз.
Жақсыбек Кемал