Израильдің шабуылдарынан Газа мен Ливанда ондаған адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильдің шабуылдарынан Газа мен Ливанда ондаған адам қаза тапты

11.11.2024

Өткен тәулікте Газа секторы мен Ливанда Израильдің шабуылдарынан ондаған адам қаза тапты. 400 күн бұрын басталған соғыстың аяқталар түрі жоқ. Тель-Авивте оны тоқтатуды талап еткен шеру өтті. Оған талай адам қатысқан.

Израиль тұрғындары шеруге шығып, Газадағы атысты тоқтатып, кепілдегілерді босатуды талап етті. Айта кетсек, «Хамас» былтыр қазанның 7-де Израильге шабуыл жасап, 1200-дей адамды мерт қылып, 250-ден астамын Газаға алып кетті. Содан бері 400 күн өтті.

Шей Дикман, шеруге қатысушы:

Кепілдегілердің тұтқында отырғанына 400 күн болды. Әйелдер, ер адамдар, 86 жастағы ата, 1 жастағы бала бар. Олар осы күнге дейін Хамас-тың жер асты туннелінде отыр. Тағы бір қаһарлы қысты сонда өткізуге мәжбүр. Оларды аман-есен қайтарудың бір амалы - атысты тоқтату туралы келісімге келу. Соғыс аяқталып, кепілдегілер үйіне тез оралса екен.

Израиль болса, Газа секторындағы шабуылын жалғастырып жатыр. Соңғы мәліметке, осы 400 күнде 43 600-ден астам палестиналық қаза тапқан. Сол құрбандардың 30-ы өткен тәулікте Газаның солтүстігінде екі үйге ракета тигенде опат болған.

Абдалла Аллуш, газа тұрғыны:

Маған Алланың құдіреті жеткілікті. Жаратушы оларға жазасын береді. Бұл нағыз қырғын - отыз шәһид, барлығы бір жерге таң намазын оқу үшін жиналғанда жан тәсілім етті.

Израиль-«Хамас» қашан тоқтары белгісіз. Қатар үкіметі болса, тараптар атысты доғаруға шын ниет танытқанда ғана келіссөздердің жалғасатынын мәлімдеп отыр.

Ал Ливанның Алмат қаласында Израильдің шабуылынан 23 адам өлді. Олардың жетеуі – балалар. Израиль бұл мемлекетте «Хезболла» жасақтарымен шайқасып жатыр. Хезболла «Хамасты» жақтап, былтырдан бері еврей мемлекетіне мыңдаған ракета жаудырған.


Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу