Студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

11.11.2024

Қайта-қайта «студент» болудан жалықпайтын жастар енді армиядан қаша алмауы ықтимал. Тіпті, әскери комиссариат оқып жатқаны туралы анықтамаға да қарамайды. Айтып отырғанымыз, әскерден жалтарып бакалавриат не магистратураны бірнеше рет оқитындар жайында. Заң бір оқу орнында тапжылмай, мамандықтан-мамандыққа ауысып жүретіндерді де айналып өтпейді.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Яғни бір-ақ реттік мүмкіндікті пайдаланып әскерге бармауға болады. Екінші рет оқуға түссеңіз сізді әскер қатырына шақыра береді. Сіздің оқып жатқан жеріңізде де әскерге шақырып алып кетуі мүмкін. 

Алғаш рет студент атанғандар әскерге шақырылмайды. Сонымен бірге, бакалавр, магистратура, докторантура сатысымен оқып жатқандарды да ешкім мазаламайды. Олар оқуына байланысты әскерге баруды кейінге қалдыра алады. Барлық мәлімет әскери комиссариаттың қолында болады. Азаматтар туралы ақпарат арнайы базаға жинақталмақ.

Фархат Айдарбаев, ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары – полковник:

Әскерден жалтарып емес оқу оқимын деген азаматтарға біз ондай шектеу қойып тұрған жоқпыз. Ол әскерге шақырылады деген міндеттеме емес. Бізде Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы 731 мың азамат тұрады. Соның 120 мыңы жарамды. Сол 120 мыңнан біз 40 мың әскерді ғана шақырамыз.

Қолданыстағы заң бойынша азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін денсаулығы сыр берсе, тағы басқа да себептерге байланысты әскерге шақыруды кейінгі қалдыра алады.

Асылбек Данияр, тілші:

Былтырдан бастап әскери кафедраны, әскери техникалық мектепті бітіргендер мен әскери қызметін қысқа мерзімде атқарғандарға әскери билет берілмейді. Бұл азаматтардың деректері eGov-тағы жеке кабинетте қолжетімді. Бұдан бөлек, армияға кеткен сарбаздардың несие төлеу мерзімі де кейінге шегеріледі. Сондай-ақ, әскерде өзін жан-жақты көрсеткен жастар ҰБТ тапсырмай-ақ білім грантына ие болады. Ал, келер жылдан бастап азаматтар әскерге SMS арқылы шақырылады. Егер, медициналық тексеруге келмесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтарса 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды не болмаса бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе айыру, немесе 400 сағат қоғамдық жұмысқа тарту көзделген.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу