Жамбыл облысының аудан әкімдері атқарылмаған жұмыс үшін ақша аударған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының аудан әкімдері атқарылмаған жұмыс үшін ақша аударған

12.11.2024

Жамбылдағы Меркі ауданында жол жөндейтін компаниялардың техникасы түгел болмай, жерге битумды шәйнекпен құйып жүр. Тендер арқылы миллиондарды ұтып алған мердігердің бұл қылығы Ақарал ауылы тұрғындарының наразылығын тудырды.

Ең сорақысы үш ауылдың әкімі жол жөндейтін компанияларға атқарылмаған жұмыс үшін ақша аударған. Шенділердің 305 миллион теңгені жол сапасын тексермей жібере салғаны анықталды. Мұндай жауапсыздыққа жол берген Ақарал, Ақермен және Сарымолдаев ауылының әкімдері екен. Барлығында асфальт теникалық талапқа сай төселмеген. Жолдарды тым жіңішке қылып, ұзындығын да қысқартып тастаған. Жалпы үш ауылда 20 көшеге асфальт төселуі тиіс болған.

Рысбүбі Жұматаева, Ақарал ауылының тұрғыны:

Серуенге шықсам, мынандай жол. Ойбай, шалқаман құлап қала жаздадым. Немене бәле мынау, кім істеген? Кім істесе де дұрыс істемеген. Соқыр адамға да көрініп тұр ғой. Екі көлік мынандай болып өтетін құдайдың берген жолын сондай тар қылып. Сол асфальттан қалған ақшаға қай тесігін жамайды. Жөнделмей тұр ғой. Одан бері 2 ай болды ма. 

Ақша аударған 3 әкімнің әрекетін Антикор мамандары анықтап, оларға сөгіс берілді. Ал мердігерлер жолды қолда бар құралдармен қайта кеңейтуге кіріскен. Жалпы Меркі ауданында мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылау жоқтығы байқалады. Өйткені жолға жауаптылар ауыл көшелерінің асфальтын жаңалауға қанша қаржы жұмсалғанынан бейхабар.

Ербол Акек, Меркі ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

Қаражаты менің қазір нақты есімде жоқ. Дайындалып келу керек еді ғой. Ал енді мынау Ақаралда шәйнекпен құйып жүргені бойынша бүгін мен әкіммен сөйлескенмін. Олар айтып жатыр «Техникамыз дайын, тек қана асфальт тегістеуші таппай жатырмыз» деп. «Сол асфальт тегістеуші тапсақ 1-2 күнде қайтадан қалпына келтіреміз» деп уәдесін беріп жатыр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу