Елордада Сириядағы азаматтық соғысты тоқтатуға бағытталған Астана процесінің 22-ші раунды өтті. Бұл шиеленістің басталғанына биыл 13 жыл толды. Соғыстың салдарын талқылау үшін Астанаға Сирия, Ресей, Түркия, Иран, Иордания, Ливан және Ирак елдерінен делегаттар келді. Таяу Шығыстағы текетірес әлемдегі геосаяси әрі экономикалық тұрақтылыққа ықпал етіп отыр. Сондай-ақ Израильдің шабуылдарынан бүгінде халықаралық және гуманитарлық құқық сақталмай жатыр. Кепілгер елдер мен бақылаушы мемлекеттердің өкілдері осы мәселеге алаңдайды. Жалпы арнайы делегация жиында Сирияға кедергісіз гуманитарлық көмек көрсету, инфрақұрылым нысандарын қалыпқа келтіру, адамдарды су, электрмен қамту мәселелерін талқылады. Ал Қазақстан барлық тарапты Шам еліндегі дағдарысты кідіріссіз шешуге белсенді қатысуға шақырды.
Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Сирия жөннідегі Астана форматы шеңберінде Қазақстанда өткізілген келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы шиеленісті тоқтату және адам шығынын азайту тәрізді бастапқы мақсаттары бүгінгі күні толықтай орындалып, сириялықтардың қалыпты өмірге оралуына зор мүмкіндіктер ашуда.
Астана процесі 2017 жылдан бері елордада өткізіліп келеді. Бүгінге дейін делегаттар басқосқан жиындардың нәтижесінде Шам еліне көрсетілген гуманитарлық көмек артып, біршама аумақта миналар залалсыздандырылды. Сондай-ақ, ондағы әскери әрекеттер бәсеңдеп, 3 аймақ деэскалацияланды. Халықаралық жиынның делегаттары енді 2025 жылдың алғашқы жартысында бас қосады.
Динара Жарқынбек