Қызылордада жаңа әуежай терминалы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жаңа әуежай терминалы ашылды

12.11.2024

Қызылордада жаңа әуежай терминалы ашылды. Заманауи ғимарат жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Ел көптен күткен нысанның ашылуына Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы келіп, аймақ жұртшылығының қуанышына ортақтасты.

Сырдың әуе қақпасы ерекше архитектуралық үлгіде салынған. Жалпы аумағы 7500 шаршы метр, алып ғимаратта жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Жаңа терминалдың жұмысымен танысқан Олжас Бектенов нысанның ашылу салтанатында ел Президентінің ыстық ықыласын жеткізіп, қызылордалықтарды айтулы оқиғамен құттықтады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ықыласы ерекше. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы терминал салынып жатқанда да арнайы келіп әуежайдың халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін қатаң тапсырған болатын. Көріп отырғанымыздай 2 жыл уақыт ішінде заманауи үлгідегі жайлы, көрікті терминал бой көтерді. Жаңа терминал Қызылорда облысының дамуына тың серпін береді деп сенемін.

Жаңа әуежай терминалы мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндеттемесі аясында жеке инвестордың қаржысына салынды. Аймақ үшін маңызды жобаға 35 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Халықаралық талапқа сай әуе қақпасы облыста туризмді дамытуға, басқа да инвесторлар тартуға тың серпін әкелмек.

Алмаз Шарман, «Б.Өтемұратов» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

Сыр елінде өте қуанышты күн деп санаймын. Маңызды әуежай құрылып, қызылордалықтарға өте жаңа жағдай ашылып жатыр. Сапалы технологиямен салынды. Жылына 2 миллион жолаушы. 7 есе үлкен бұрынғы жағдайға қарағанда.

Баян Ғарифуллаұлы, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

Қызылорда әуежайынан аптасына 26 рейс орындалады. Сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсететін боламыз. Осыған байланысты Қорқыт ата әуежайында 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Инженерлік құрамның барлығы тиісті оқуларын оқып, қазіргі таңда жұмыс жасауда.

Ауыл кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде

Мұнан соң, Үкімет басшысы Сырдария ауданы, Бесарық ауылына барды. Елдімекенде «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған ауыл кәсіпкерлерімен кездесіп, жүзеге асырылған жобаларды көрді. Биыл облыста игі бастамаға 4,6 миллиард теңге қаралған.


Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу