Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өтіп жатқан климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитіне қатысты.
Табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтың маңызы зор
Пленарлық сессияның ашылуынан кейінгі алғашқы сөз Қазақстан Президентіне берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растады. Табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтың маңызы зор, - деді. Сонымен бірге, еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын, бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияны пайдаланатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз.
Президент: Ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшу маңызды
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшу маңызды екенін жеткізді. Қазақстан ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз.
Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Әзербайжанның СOP29-ға табысты төрағалық еткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Ильхам Әлиевке ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.
Оңғар Алпысбайұлы