Сербия кәсіпкерлері қазақ экономикасына қаржы құюға ниетті. Бұл туралы Белградта өткен «Қазақстан-Серб» іскерлік форумында мәлім болды. Шараны қос елдің сауда, өнеркәсіп палаталары еліміздің Сербиядағы елшілігімен бірігіп ұйымдастырды. Форумға жиналған 30-дан аса Сербиялық компания басшыларына отандық делегация өкілдері Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді, елдің көлік логистикалық әлеуетін таныстырды. Былтыр өзара тауар айналым 23 пайызға өсіп, 91 млн долларға жеткен. Қос ел кәсіпкерлері B2B келіссөздері кезінде іскерлік әріптестікті жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Сербия сауда өнеркәсіп палаталары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, Іскерлік кеңес құруға уағдаласты.
Мұрат Кәрімсақов, ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
Іскерлік кеңес Мемлекет басшысының Сербияға сапары қарсаңында өткізіліп отыр. Сербияда қазір құрылыс, инфрақұрылымды дамыту үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сербия ауылшаруашылығы саласында да көшбасшы. Сондықтан, қос елдің кәсіпкерлеріне бірнеше бағыт бойынша жобаларын жүзеге асыруға әлеует жоғары.
Михайло Весович, Сербия сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті:
Біз логистика, құрылыс, ауылшаруашылығы сынды үш мәселеге басты назар аудардық. Ғылым және технология паркімен ынтымақ орнатып, болашақта сандық технология, жасанды интеллектті шағын және орта кәсіпкерлікке енгізу бойынша іскерлікті арттыруға ниеттіміз. Бұл форум инвестициялық байланысымызды тереңдетуге тың серпін берді.
Нұрсұлу Қасым