Елімізде балалардағы күрделі көз патологиясын емдеуге мүмкіндік бар. Алматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы лазерлік хирургиялық жабдықпен толықты. Осыған дейін көзінде туабітті немесе жүре пайда болған түрлі диагнозы бар балалар квотамен шетелде операция жасатуға мәжбүр еді. Офтальмологтар енді елде емделе алады деп отыр. Лазерлік жүйе күрделі патологияларға операция жасайды. Көздің алдыңғы және артқы бөліктеріндегі ақауды түзетеді. Ал оның тілін меңгеру үшін отандық дәрігерлер шетелден арнайы білім алып келген. Соңғы он жылда әсіресе, гаджеттердің әсерінен балалар арасында көз ауралары дендеп кеткен. Заманауи құрылғы арқылы енді жаңа туған нәрестенің көзін бірден тексеріп, дерттің алдын алуға болады дейді мамандар.
Гүлзат Әбдірайымова, офтальмолог дәрігер:
Аппараттың мүмкіндігі өте жоғары. Витреоретиналды патологиясы бар науқастарға, соның ішінде балаларға торлы қабаттың толық сылынуы кезінде көмектеседі. Операция неғұрлым ерте жасалса, нәтижесі соғұрлым жақсы болады. Енді Қазақстанда да осы операцияны жасауға болады.
Айдана Қуантхан