Павлодарда көпқабатты 7 үйге жылу күн аралатып беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көпқабатты 7 үйге жылу күн аралатып беріледі

15.11.2024

Павлодар қаласында 7 бірдей көп қабатты үйге жылу мен ыстық су күн аралатып беріліп жүр. Себебі, жылу келетін камера шіріп кеткен. Оны күрделі жөндеу келесі жылға қалып отыр. Тұрғындар мен пәтер иелері кооперативі қыстан қалай шығамыз деп абыржулы. Әзірге күн жылы. Тоқ жылытқыштар қосып отырғандықтан суығы білінбейді.

Балшекер Мұқанова, пәтер иелері кооперативінің басшысы:

Жылу басталғалы 10 рет апат болып, ақау шықты. Тұрғындар сусыз, жылусыз қалды. Трасса ауыстырылған жоқ, енді соның зардабынан біз тағы қиыншылық көріп отырмыз.

Жансая Жанайдарова қала тұрғыны:

Төлегенде толық төлейміз. Бірақ аптасына бір рет минимум жылу мен ыстық су болмайды. Қазір енді күн кішкене жылы, ал, қыста не боламыз.

Павлодар қаласындағы жылу желілерінің 90 пайызы тозып тұр. Аталған 7 үйді қыстан алып шығу үшін қала әкімі арнайы шешім қабылдады. Бүгіннен бастап жылу құбырлары ауыстырылып жатыр.

Екатерина Байжұманова, «Павлодарэнерго» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің жетекшісі:

200 метр желіні ауыстырамыз. Диаметрі 325 милиметрлік құбырлар салынады. Жоспардан тыс күрделі жөндеу жүргізуге қала әкімінің пәрменімен қаржы бөлінді. Осы жұмыстарды аяқтаған соң жылумен қамтуда мәселе туындамауы тиіс деп ойлаймын.

Болат Аманбай


Хабарламаларға жазылу