Америкадағы қазақ дәмханасы. Чикаго шаһарында ашылған Тары кофеханасы қысқа уақыттың ішінде жергілікті жұрттың сүйікті орнына айналып үлгерді. Америкалықтар әсіресе тары қосылған кофеге әуес болса керек. АҚШ-тың ірі мегаполисіндегі қазақ дәмханасымен танысып қайтқан меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының материалына назар аударайық.
Жарты ғасыр бұрын тоқылған қазақы кілемдер, ата бабамыз мұздатқыш ретінде қолданған кебеже, қол диірмен, қабырғада қазақ мемлекеттігін көрсететін ескі карталардың көшірмелері және Абайдың ағылшын тіліндегі қара сөздері. Чикагоның қақ төрінде орналасқан қазақ этно кофеханасы келушілерді осылайша ұлттық салт дәстүрмен қарсы алады.
Катрин Бруклин:
Мен алғаш рет келіп тұрмын. Бұл өте жанға жайлы жер екен. Маған декорациясы ерекше ұнады және әрине кофесі тамаша. Қанық әрі дәмі ерек.
Кофені ерек қылатын зат-тары. Жеңсік ас әрбір кофе құтысына қосылады. Бөртілген тары кофенің әдеткі ащы дәмін басып, жұмсақ сусынға айналдырады. Сол себепті де америкалықтар тары кофеге ерекше құмар. Тіпті дәмін тату үшін ұзын сонар кезекке де тұруға бар.
Әділет Бекмұхамбетов, даяшы:
Біздің клиенттердің тоқсан пайызы америкалықтар. Кейде кофе алу үшін жарты сағатқа дейін күтіп, көшеге дейін шығып кетеді. Бізде барлығы табиғи. Барлығына ұнайды.
Дәмхана мәзірінің жетпіс пайызы қазақтың ұлттық тағамдары. Тарымен қатар шәй, науат, құрт секілді өнімдерді елімізден арнайы алдырады. Тіпті қазақы оюлы кесенің өзі мұхит асып жеткізілген. Тары кофенің қайталанбас дәмімен чикаголықтарды баурап алған қазақтың жас кейіпкерлері енді АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, және Сиэтл секілді өзге де ірі қалаларында этно кофехана ашуды жоспарлап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы