Алматыда Ұлттық Банктің теңге банкноталары мен коллекциялық және инвестициялық монеталардың көрмесі ашылды. Экспозиция ұлттық валюта – теңге күніне орайластырылған. Көрмеде «Сақ стилі» банкноттардың жаңа сериясы, әлемдегі ең үздік сапаға ие монеталардың соңғы үлгілері таныстырылды.
Көрмеден тәуелсіздік таңында қолданысқа енген алғашқы теңгеден бастап бүгінге дейінгі толық топтаманы тамашалауға болады. Сондай-ақ әлемдік трендтегі инвестициялық және коллекциялық монеталар да көпшілік назарына ұсынылды. Алтыннан, күмістен және басқа да бағалы металдан соғылатын монеталардың сипаты сәнді, мазмұны мәнді, мағыналы.
Алмат Басенов, Ұлттық банктің бас дизайнері:
Монета жасарда ең кірпияз әрі сирек металл – танталды қолдану әлемде ешбір елде жоқ. Бірегей ноу-хау, тың тәсіл саналады. Біздегі өндіріс сапасы, технологияның жаңашылдығы, дизайн жоғары деңгейде. Бір жылда мерейтой, тарихи не елеулі оқиғаларға негізделген 15-тен бастап, 40-қа жуық монета түрін шығарамыз.
Санжар Нұрқасымов – «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері. Оның сөзінше, жаңа серияның мақсаты – мәдени құндылықтарға мән беру. Оған қоса ұлттық валютаның қорғаныш дәрежесін арттырып, пайдалануға ыңғайлы ету. Былтыр «Сақ стилі» 5 мың теңгелік банктнотқа енгізілсе, биыл 10 мың теңгеге бедерленген.
Санжар Нұрқасымов, «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері:
Біріншіден, біздің тарихымыз. Көне қорғандардан табылған артефактілер. Осы жылдың аяғына дейін 2 мыңды шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қалған банкноталар 2025-26 жж басылып шығады.
Расында төл валютамыз жоғары сапалы және биік дәрежеде қорғалған. Халықаралық банкнота қауымдастығы қазақстандық банкноттарды үш жыл қатарынан әлемдегі ең үздік деп таныды. Төл валюта тарихынан мәлімет беретін бұл көрме 22 қарашаға дейін жалғасады.
Жазира Оразқызы