«Сырмақ сыр шертеді». Ақтауда көненің көзін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін республикалық көрме-фестиваль басталды. Шараға 12 өңірдің қолөнер шеберлері мен ісмерлікке шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстаздар қатысуда.
Орал қаласының тумасы Айару Марат көрмеге әжесінің көзі «Жол сырмақты» арнайы әкелген. 5 сынып оқушысы 30 жыл бұрын тігілген өнер туындысының тарихын да жақсы біледі. Айтуынша, сырмақ жолда тігіліп, шаңырақ көтерген жас отбасына сыйға тартылған.
Айару Марат, Орал қаласының тұрғыны:
Бұл сырмақты менің әжемнің інісінің құдағиы Алматы қаласынан бастап Бөкейорда ауданы Құрманғазы ауылына дейін жасап, ауылға келген кезде менің әжеммен бірлесіп тіккен. Ал мынаны біз апайымыз екеуміз жолда бірлесіп кестелеп тіктік.
Ал Ақтаулық Бақтылы Бопанова көрмеге екі түскиізін әкелген. 5 жасынан ұршық иіріп, қол өнерге жақын болған әйел бүгінде киіз үй жабдықтарын түгел әзірлейді. Ол үшін жергілікті қойдың жүнін пайдаға асырады.
Бақтылы Бопанаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Бұл сырмақтың түскиіз деген бір түрі. Қазіргі мына ағаш үй тігеміз соның төріне ұстауға, қазіргі сұранысқа ие. Біздің тарихымыз артымызда қалатын ұрпағымызға. Мен қойдың күзем жүнін пайдаланамын мына киізді басуға, ал иіруге қойдың көктемдегі жабағы жүнін пайдаланамын.
Көрме-фестивальге 12 өңірден шеберлер қатысуда. Олар жаңа туындылары мен қатар әже-апаларының көзіндей сақталған сырмақтарын да әкелген.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары арасындағы ең көнесі мына – ала сырмақ. Ол осыдан 60 жыл бұрын қыз жасауына арналып басылған. Әлі күнге сыны кетпей сақталыпты. Жәдігерді Абай облысы Абай ауданынан әкелген.
Ұйымдастырушылар осы шара арқылы ұлттық қолөнерді насихаттап, қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауды көздейді. Сондай-ақ, заманауи дизайнерлердің тәжірибесімен бұйымдарды жаңа форматта ұсыну қарастырылмақ.
Бибігүл Кәрденова, шараны ұйымдастырушы:
ХХІ ғасырда осы жүрген біз артымыздан қандай із қалдырамыз? Қолымда ұршығым бар, астымда сырмағым бар, жан-жағымда ойнап жатқан өзімнің немерелерім бар. Керемет сәт емес пе? Осы сәтті әрбір ана түсінсін, әрбір әже түсінсін, осы бізге қарап жастарымыз бой түзесін.
Көрме-фестиваль 3 күнге жалғасады. Шара аясында «Ұршық пати» ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары жоспарланған.
Аягөз Оралбайқызы