Қарағанды облысы Балқаш қаласында ине көзіне мүсін қашайтын, күріш дәніне сурет салатын ерекше өнер иесі тұрады. Шебердің микротуындыларын қарапайым көзбен көру мүмкін емес. Арнайы құралдармен ғана тамашалауға болады. Микро минатюраларды тілшіміз Жандос Бақытұлы көріп қайтты.
Николай Савидов 40 жыл бойы ерекше өнерді серік етіп келеді. Ол микроскоптың көмегімен ине көзіне түрлі кескіндерді салады. Мысалы домбыра, жан-жануар, тіпті түйелердің тұтас керуенін сыйдырып жібереді. Ең таңқаларлығы – аттың қылынан шахмат тастарын қашап шыққан.
Николай Савидов, шебер:
Бұл туындымды жасауға 1 жылдан аса уақыт жұмсадым. Бұл жердегі аттың қылы адам шашынан да бірнеше есе жіңішке. Бұдан бөлек қаншама еңбектерім бар. Барлығы өз алдына ерекше.
Шебер қоржынында түрлі шағын минатюралар бар. Солардың бірі күріш, көкнәр дәндерін екіге бөліп ортасына салынған сурет. Бұл микро абстракционизм деп аталады. Шебер бұл туындысын потенттеп, 2013 жылы авторлық құқығын алған.
Меруерт Бегдайырқызы, мұражай қызметкері:
Мұндай шеберлер санаулы. Қазақстанда жалғыз. Ресейде политехникалық музейде, Украинада, Бірінші президент музейінде, сосын біздің музейде туындылары қойылған
Таудай талантын ине көзіне сыйдыра білген шеберлер әлемде он шақты ғана. Жұмыс сандары да 100-ге жетер-жетпес. Ал жерлесіміз 40 жылдың ішінде 2000-ға жуық қолөнер жасап шығарған.
Жандос Бақытұлы