Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Jibek joly» пойызы жүре бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Jibek joly» пойызы жүре бастады

18.11.2024

Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Jibek joly» деп аталатын туристік пойыз жүре бастайды. «Алматы – Түркістан – Ташкент» бағытындағы пойыздың алғашқы жолаушылары бүгін өзбек елінің астанасына келді. Оларды жергілікті жұрт құшақ жая қарсы алды.

Ташкенттегі орталық вокзалға келіп тоқтаған пойыздан жүзден астам жолаушы түсті. Алматыдан шығып, жолай Түркістанға бір тәулік аялдаған саяхатшылар киелі қаладағы тарихи орындарды аралады. Енді бауырлас елдің бас қаласы Ташкентте екі күн болып, шаһардың тыныс тіршілігімен таныспақ.

Жұлдыз Рахмет, журналист, саяхатшы:

Әрі қарай Самарқан, Бұхара мен Хиуаға дейін жететіндей болса, нұр үстіне нұр болады. Шетелдік, әсіресе еуропалық туристер үшін сұранысқа ие болады, себебі біз білеміз Қазақстанға, Өзбекстанға тарихы мен этнографиясына деген қызығушылық бүгіннің өзінде бар.

Бұл әзірге пилоттық жоба. Екі ел арасында туризм саласын бірлесе дамыту мақсатында қолға алынған. Алғашқы тур 5 күнге жоспарланған. Пойыз Қазақстанда шығарылған су жаңа 5 вагоннан тұрады. Саяхатшыларға бірнеше жолсерік пен кәсіби гидтер қызмет көрсетуде.

Жамшид Газиев, Туризм комитетінің бөлім басшысы:

Келешекте саяхатшылардың үлкен сұранысына ие болады деген сенімдеміз. Тағы да жаңа вагондар қосып, жолаушылар санын арттыру, бағытын түрлендіру жоспары бар. Мұның барлығы туристердің ел аралап, жер көруіне жағдай жасау үшін қолға алынып отыр.

Пойызға билет турагенттіктер арқылы сатылмақ.

Айта кетсек, бауырлас елден Қазақстанға келетін саяхатшылар саны уақыт санап артып келеді. Биылғы жылдың алты айында елімізге ат басын бұрған өзбекстандық туристер саны жарты миллионға жуықтайды. Ал бір миллионнан астам отандасымыз көрші мемлекетке қыдырып барған.


Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу