Шымкентте 31 азамат полицейлердің қылмыстық қудалауынан босатылды. Прокурорлық тексеріс барысында олардың тергеу ғимаратында 3 сағаттан артық уақыт босқа отырғаны анықталған. Яғни полиция қызметкерлері оларды тергеуге әкелгенімен қылмысқа қатыстылығын нақтылау әрекеттерін жүргізбеген.
Осыған байланысты 27 лауазым иесі әкімшілік жазаға тартылды. Жалпы қылмыстық істер бойынша азаптауларды болдырмау мақсатында прокуратура үш алгоритм бойынша әрекет етуде. Ұсталған адамдардан жауап алу, бұлтартпау шарасын қолдану немес ұзарту, айыптау актісін табыс ету прокурорлардың қатысуымен жүргізіліп келеді. Сондай-ақ тергеу ғимараттары бейнебақылау камераларымен жабдықталып отыр.
Оңласын Әбдірәсіл, қала прокуратурасының аға прокуроры:
Жалпы қала аумағында 3 мың 917 бейнекамера тергеу органдарының ғимараттарына орнатылды. Ол жерде бүкіл бейнежазба толығымен сақталады және де соның ішінде 22 камерамен адамдардың шоғырланатын жерді планшетпен бақылуға мүмкіндік жасалып отыр.
Ғани Қалмаханов