Ташкентте «Ұлы Жібек жолындағы туризм-2024» халықаралық жәрмеңкесі өтті. Оған біздің елімізден де делегация қатысты. Қазақстандық стендті Алматы облысының туризм басқармасы ұйымдастырған. Ауқымды шара аясында Қазақстан мен Өзбекстанның туристік қауымдастықтары саладағы интеграцияны күшейту бойынша бірқатар келісімге қол қойды.
Биыл 29-шы рет ұйымдастырылған туризм жәрмеңкесі – түрлі мәдениетті топтастырып, саяхаттау бағыттарын айшықтайтын Орталық Азиядағы ең ірі жоба. Саланы дамытуға атсалысып жүрген азаматтар өз елінің туристік потенциялын паш етуге мүмкіндік алды. Халықаралық шараға 30 елден 300-ден астам өкіл қатысты.
Әсел Жұмаханова, Алматы облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Облысымызға келетін туристер саны жыл санап артуда. Оның ішінде Өзбекстан елінен де саяхатшылар көптеп келеді, сондықтан осы көрмеге біз еліміздің түрлі тур операторларын алып келдік.
Алматы облысында шетелдіктерді қызықтыратын орын көп. «Шарын» шатқалы мен «Көлсайды» көрген туристер таңдай қағары сөзсіз. Мұндай әлеуетті туризм саласының сарапшылары жоғары бағалайды. Өзбекстан – Ұлы Жібек жолы бағытындағы турларды дамытуда Қазақстанның негізгі серіктесі. Бұл байланысты нығайту мақсатында туризм саласының өкілдері бірқатар келісімге қол жеткізді.
Акбар Умаров Өзбекстан аспаздар қауымдастығының төрағасы:
2025 жылдан бастап Қазақстанның рестораторлар қауымдастығымен бірлесе отырып түрлі тренингтер өткізуге уағдаластық. Келешекте екі мемлекет арасында гастрономиялық туризмді дамытып, арнайы турлар ұйымдастыру жоспарымызда бар.
Жәрмеңкеге қазақстандық 7 туроператор, қонақүйлер мен әуе компаниясының өкілдері келген. Олар географиялық және мәдени жақындықты арттыру бойынша тәжірибе алмасты. Негізгі мақсат – жаңа туристік бағыттар құру, мәдени мұраны насихаттау мен саяхатшыларға қызмет көрсету сапасын арттыру. Екі күнге созылған шарада туризм индустриясындағы жаңашылдықтар талқыланды.
Базаргүл Отыншиева