X Азия-Тынық мұхиты ойындарына 82 сурдо спортшымыз қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

X Азия-Тынық мұхиты ойындарына 82 сурдо спортшымыз қатысады

26.11.2024

Алты күннен соң еліміздегі сурдо спортшыларымыз үшін маңызды дода басталады. Есту мүшесі зақымданған атлеттер арасындағы Азия-Тынық мұхиты ойындары бұл жолы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өтеді. Бәсі жоғары бәсекеде Қазақстан атынан 82 спортшы өнер көрсетпек. Сурдо спортшыларымыздың дайындығы қандай? Тақырыпты әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет тарқатады.

Оныншы Азия-Тынық мұхиты ойындарына сурдо таеквондошыларымыз сақадай сай. Дүбірлі дода қарсаңында олар Қарағандыдағы арнайы орталықта дайындалды. Ел намысын қорғайтын 12 таеквондошының бірі – Аян Әбдіраш. 11 жасынан бастап спортқа араласқан оның қоржынында Сурдлимпиада ойындарының алтыны мен қоласы бар екенін атап өтейік.

Аян Әбдіраш, сурдолимпиада ойындарының чемпионы, қола жүлдегері:

Қарсыластар жақсы. Мысалы, Корея елін алсақ, Азия ойындарында жеңіліп, сосын әлем чемпионатында жеңгенмін. Сол бірде-бір болып тұр. Енді осы Азия ойындарында қайтадан финалда кездесеміз деп ойлаймыз.

Ербол Симамбаев, сурдо таеквондодан Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы:

Әбдіраш Аян бізде ең бірінші сурдолимпиадалық чемпион ғой. Ең жасы Шымкент қаласынан Елнұр Ақжігітов. Бұл оның бірінші үлкен жарысы. Соған психологиялық дайындау өтіп жатыр.

Ал жеңіл атлеттеріміз оқу-жаттығуды Ыстықкөлде өткізді. Еркін және грек-рим күресінен оқу-жаттығу жиыны Бішкек қаласында ұйымдастырылды.

Ал дзюдо мен шахмат спортшылары Алматы облысында шеберлігін шыңдады.

Спортшыларымыз дүбірлі додада 8 спорт түрінен бақ сынайды. Желтоқсанның 1-8 аралығында Малайзия астанасында өтетін жарыста ел намысын 82 спортшы қорғайды.

Ержан Естаев, «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК директоры:

Бізде жеңіл атлетикадан әлем чемпиондары бар. Сурдо дзюдодан үш алтынымыз бар. Және де грек-римс күресінен, еркін күрес, су спорты түрлерінен үмітіміз бао. Жалпы спортшыларымыз осы жарыста ел намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің туын көтеріп, әнұранын шырқатса деп ойлаймыз.

Азия мен қоса Тынық мұхиты аймағындағы 24 мемлекеттің 1 300-дей сурдо спортшысы Куала-Лумпурда сынға түседі. Атлеттер тоғыз спорт түрінен бақ сынап, 56 медаль жиынтығына таласады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер келесі жылы Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына жолдама алады.


Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу