Елге оралған қандастар саны рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге оралған қандастар саны рекордтық көрсеткішке жетті

26.11.2024

Биыл елге 2 500-ден астам қандас оралған. Оның 1 500-ге жуығы Қытайдан келсе, 1 088-і Монғолиядан қоныс аударған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Сондай-ақ елімізде еңбек етіп жүрген мигранттар саны да артқан. Олар қай елдің азаматтары және қай салада еңбек етіп жүр? Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен айтып берсін.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Биыл 9 айда елге 2 539 қандас оралған. Оның 1 451-і Қытай халық республикасынан, ал 1 088-і Монғолиядан қоныс аударған. Бұл - Ұлттық сататистика бюросы мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметі. Сандарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, 3 есеге көп. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдан бері аспан асты елінен осыншама адам қоныс аудармаған. Ал Моңғолиядан 2001 жылдан бері мұндай толқын байқалмаған. Қоныс аударғандардың ұлтына келсек, олардың 99 пайызы қазақтар. Қытайдан келген қандастардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысынан қоныс тепкен. Моңғолиядан оралғандар болса Ақмола облысы мен Астана, Алматы қалаларына тұрақтаған. Жалпы, биыл Қазақстанға келген иммигранттардың саны 20,4 мыңнан асқан. Сондай-ақ, биыл Қазақстанға жұмыс іздеп келген мигранттарының да саны артқан.


Мәселен: Қытай, Өзбекстан, Түркия және Үндістаннан келгендер саны 13 мыңнан асты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, олардың басым бөлігі түрлі сала маманы немесе қарапайым жұмысшы ретінде еңбек етеді. Тек 30%-ы ғана басшылық қызметте. Нақты сандарға тоқталсақ, мигранттардың 5 155–і құрылыс саласында, 1 387–сі өңдеу кәсіпорындарында, 1 363-і әкімшілік және қызмет көрсету салаларында, 1 359-ы тау-кен өндірісінде, сондай-ақ 1 168–і ауыл, балық және орман шаруашылықтарында нәпақа тауып жүр.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу