Британ кеңесі: Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Британ кеңесі: Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен

27.11.2024

Британ кеңесінің зерттеулеріне сәйкес Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен. Әсіресе мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысы дамымаған. Педагогтардың білімін жетілдіру қажет.

Салтанат Күнеділова Жезқазған қаласындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі. Британ кеңесі ұйымдастырған бағдарламаларға белсенді қатысады. Бүгін де ол Лондонда біліктілігін жетілдіріп жүр. Өзі неміс тілінің маманы, бірақ оған сұраныс болмаған соң ағылшын тіліне ден қойған. Оның пікірінше ұстаз қай тілде білім берсе де, өз мамандығын қастерлеуі керек.

Салтанат Күнеділова, ағылшын тілі мұғалімі:

Өзінің тыңдалым дағдыларын, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын жақсы қалыптастырып, балаға жеткізе білсе, баланың алдында арың таза болады.

Мұғалімдер мен оқушылар, әсіресе сөйлеу дағдысына келгенде қиналады. Ағылшынша еркін тілдесе алмайды. Британ кеңесінің Қазақстан орта мектептерінде жүргізген зерттеуінің нәтижесі бұл. Халықаралық ұйым өкілдерінің мәліметінше, ағылшын тілін меңгерген қазақстандықтардың деңгейі – ол мұғалімдердің тіл үйретудегі біліктілік пен ынтасының төмендігін айғақтайды.

Ардақ Бектұрова, Қазақстандағы Британ кеңесінің жобалар менеджері:

Мұғалімдер аттестациядан өту үшін тест тапсырарда лексика-грамматикалық компоненттерге көп мән береді. Айтылым дағдысы назардан тыс қалады. ҰБТ тапсырғанда да оқушылардың ағылшынша сөйлеу қабілеті тексерілмейді.

Мәселенің шешімін табу үшін білікті мамандардан тұратын арнайы топ құрылды. Олардың берген 16 түрлі ұсынысы сала министрлігі тарапынан мақұлданды. Алдағы уақытта пән мұғалімдерінің үздіксіз білім алуына жағдай жасалып, еліміздегі ағылшын тілінің деңгейі көтерілмек.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу