Небары 16 теңге үшін Павлодардың салық органы жеке кәсіпкердің есеп шоты мен дүние мүлкін бұғаттап тастаған. Бизнес иесі енді кәсібін жүргізе алмай, соттан сотқа жүгінуде. Жеке кәсіпкер пәтерлерді жалға берумен айналысады. Кіріс салығы, зейнетақы және медициналық сақтандыру аударымдарын ұялы телефонындағы банк қосымшасы арқылы ай сайын төлеп отырған. Бірақ салық басқармасы «Берешегіңіз бар және өсімпұлы 16 теңгеге жетті» деп қаржылық операциялар жасауға тыйым салған.
Күміс Тәстембекова, жеке кәсіпкер:
Маған электронды үкіметтің қосымшасы арқылы зейнетақы жарнасы үшін төленбеген қарыз бар деген хабар келді. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Өйткені мен ештеңе артық төлемедім және ешқандай да қарызым жоқ.
Жеке кәсіпкер кіріс басқармасына қарызы жоқ екендігін сотта дәлелдеп, түбіртектерін түгел көрсетті. Бірақ салық органдарында техникалық ақау болып, аударымдар қабылданбағаны анықталды. Алайда соттың бірінші инстанциясы да, аппеляциялық алқа да кәсіпкердің шағымын қанағаттандырмады. Дегенмен мемлекеттік кірістер басқармасы талапты бұзды деп жеке ұйғарым шығарды. Осы себепті кәсіпкер тағы Жоғары сотқа жүгінбек. Жалпы жыл басынан бері Павлодар облысында мемлекеттік органдардың бюрократиялық әрекетіне қатысты бизнес өкілдерінен 34 шағым түскен. Оның 14-і сотқа жетті.
Болат Аманбаев