Әлеуметтік желі арқылы ет сататындар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желі арқылы ет сататындар көбейген

27.11.2024

Қазір соғым маусымының ең қызып тұрған кезі. Халық етті базардан, танысынан, қолы жеткені арнайы тапсырыспен алып жатады. Алайда, соңғы жылдары соғымды әлеуметтік желі арқылы сату үрдіске айналған.  Яғни, міне мынадай жекелеген Уатсап топтарда ет сататындар көбейген. Тұрғындар соятын соғымын тексеріп ала ма? 

Қалай десек те, малдың еті қайдан келді, қайда сойылды, жалпы сойылды ма деп бас қатыратындар аз. Себебі онлайн саудада баға базардан төмен. Алайда, мамандар халықты сақ болуыға шақырады. Себебі еттің сапасы санитарлық талаптарға сай емес, тіпті өлген немесе ауру жұқтырған малдың еті де болуы мүмкін дейді. Ал, әлеуметтік желіде сауда жасайтындар қалай қадағалануы тиіс? Соғымның онлайн саудасына тыйым бар ма? Заңгерге сауал жолдаған едік...

Абзал Бекбосынов, заңгер:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің нормативті құжаттары бар. Нормативті актілер бойынша мал бекітілген орындарда сойылуы тиіс. Сол өнім сауда орындарында сатылуы керек. Ал мынау ет өнімдерін сатып жатқан адамдардың әрекеті дәлелденсе әкімшілік жазаға, ал ұрланған малдың еті сатылса қылмыстық жазаға тартылады.

Ал Ауылшаруашылығы министрлігі ет өнімдерін күнделікті бақылау тек базарлар мен дүкендерде ғана жүргізілетінін айтып отыр. Сондықтан ет аларда абай болып, ветеринарлық белгісі барына көз жеткізіп алған дұрыс.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу