Елордада «Kaztraffic-2024» халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Шараға 10-ға жуық елден 100-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында Франция, Германия, Ресей Федерациясы және басқа да елдерден келген алпауыт компания өкілдері де бар. Жиында жол құпылысына, көлік қозғалысына байланысты заманауи технологиялар мен жаңа жобалар таныстырылды. Халықаралық көрме жайында тілшіміз Динара Жарқынбек тарқатады.
«Kaztraffic» халықаралық көрмесі соңғы 20 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Екі күнге созылатын биылғы шараны «VS ExpoCom» компаниясы мен Көлік министрлігі ұйымдастырды. Іс-Шарада жол-құрылыс техникасы, түбегейлі жаңа материалдар, жабдықтар мен аспаптар көпшілікке таныстырылды.
Виктория Шматенко, «VS ExpoCom» компаниясының жетекшісі:
Көрме барлық тілек білдірушілерге есігін айқара ашады. Іс-шараға қатысу тегін. Жалпы, «Kaztraffic-2024» көрмесі – бұл көлік және жол қозғалысы саласына арналған ірі іс-шара. Жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін көтеруге, қоршаған ортаға әсерді азайтуға және қалалық ұтқырлық жүйесін жетілдіруге көмектеседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеде ғылыми-техникалық бағыт, IT-индустрия, авиация, аграрлық сектор, өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы да біріктірілді. Мұнда өнімдерін таныстырған отандық кәсіпкерлер шет елдік компаниялармен тәжірибе алмасып, келісімшарттар жасасты.
Мирас Камал, кәсіпкер:
Биыл енді мерейтой ғой. Еліміздің әрбір өңірінен кәсіпкерлер келіп, осында өз өнімдерін, жұмыстарын көрсетіп жатыр. Өзіміз құрылысқа қатысты материалдармен айналысамыз. Бүгін бірнеше шет елдік мердігер компаниямен келісімге отырдық. Көрменің көмегі көп.
Көрмеге қатысушылар жол құрылысы, жөндеу, күтіп ұстау және жолдарды сараптау саласындағы тың жобалармен танысты. Көрмеде шет елдік кәсіпкерлердің де заманауи технологиялары ұсынылды.
Динара Жарқынбек