Түркияда қайырымдылықпен айналысу заңмен қатаң қадағаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қайырымдылықпен айналысу заңмен қатаң қадағаланады

29.11.2024

Қайырымдылық жасау – қайырлы іс. Дегенмен кейінгі кездері қайырымдылыққа деп қаражат жинап, оны мақсатсыз жұмсайтындар да көбейген. Құқықтық мемлекет болғандықтан барлық сала заңмен реттелуі тиіс. Сондықтан қайырымдылыққа қатысты да нақты заң болғаны жөн. Мәселен бауырлас Түркияда қайырымдылықпен айналысу заңмен қатаң қадағаланады. Әр тиын үшін мемлекетке есеп беріледі. Түрік еліндегі қайырымдылық қорларының қызметі туралы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Ерол Йолжы – Түркияда тұратын қазақ. Білім беру және қайырымдылықпен айналысатын қоғамдық ұйымда қызмет етеді. Жылдар бойы әлеуметтік жағдайы төмендерге көмек көрсетіп, жастардың білім алуы үшін қайырымдылық жасап келеді. Алайда, бұл салада мемлекет тарапынан қойылатын талап қатал дейді.

Ерол Йолжы, қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары:

Азық-түлік, киім-кешек сияқты заттар болғанда, тауарлар тарату ретінде үкіметтен рұқсат алу қажет емес. Біз мұқтаждарға келген тауарларды, азық-түлікті жеткізе аламыз. Оның сыртында бір мақсатқа ақша топтау кезінде қалалық әкімнен рұқсат алу керек. Рұқсат уақыты шектеулі болады.

Түркиядағы ең ірі қайырымдылық қоры – «Қызыл ай». 1868 жылы құрылған ұйым азық-түлік таратудан бастап халықаралық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі қайырымдылықтың түр-түрімен айналысады. Ашылғанына бір ғасырдан асқан ірі құрылым мемлекетке әрдайым есеп беріп отырады.

Айхан Балжы, «Қызыл ай» қоғамдық қоры, Зейтинбурну аудандық бөлімінің басшысы:

Біздің қордың Түркия бойынша 510 бөлімшесі бар. Негізінен табиғи апаттар кезінде шатырлар тігу, халыққа азық-түлік, киім-кешек тарату сияқты қайырымдылық істерімен айналысамыз. Халықтан және түрлі ұйымдардан жиналған қаржыны ел аумағында және өзге де мемлекеттерде қайырымдылық істеріне жұмсаймыз. Бізді әрдайым тәуелсіз комиссия тексеріп отырады. Бұдан бөлек әр үш жыл сайын Ішкі істер министрлігіне толық есеп береміз.

Қайырымдылық жасаймын деп халықты алдағандарға Түркияда жаза қатал. Ресми рұқсат алмай ақша жинағандарға ірі көлемде айыппұл салынып, қылмыстық іс қозғалады.

Дениз Алгы, заңгер:

Қайырымдылық туралы заңның 2860-бабына сәйкес халықтан қаражат жинағысы келген кез-келген адам немесе ұйым алдымен жергілікті атқарушы органнан ресми құжат алады. Ол жерде қайырымдылықтың мақсаты, мерзімі, сомасы нақты көрсетілуі тиіс. Қанша қаражат жиналып, оның қаншасы қайда жұмсалғаны жөнінде тиісті органдарға есеп береді. Есебі дұрыс болмаса, заң алдында жауап береді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қайырымдылық қанына сіңген қарапайым халықтың сенімін таптап, жеңіл пайда тапқысы келетіндер қай жерде де бар. Сондықтан мамандар жәрдем берерде белгісіз біреулерге емес, ресми ұйымдарға сенген жөн екенін айтады.


Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу