Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға көтерді. Бұған Қазақстандағы жылдық инфляцияның қазан айында 8,5%-ға дейін өсуі себеп болған. Ал инфляцияға «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы және теңгенің әлсіреуі әсер еткен. Банк төрағасы бүгін ақпарат құралдарына не үшін мұндай шешім қабылдағанын және доллардың бағамы туралы түсінік берді. Ұлттық банк төрағасын тыңдайық.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
16 қарашадан бастап интервенция жүргізіп жатырмыз. Оған 1 млрд теңге жұмсалды. Интервенция жүргізу қарапайым азаматтарға, яғни жеке тұлғаларға әсер етпейді. Кеше сағат 18:00-де барлық филиалдан ақпарат жинадық. Ешқандай артық сұраныс жоқ. Бұл тек қана Қазақстан қор биржасында жұмыс істеп жатқан заңды тұлғаларға қатысты. Тұтынушы ретінде бізге кері тұстары болмайды.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов доллардың бағасына болжам жасай алмайтынын, бірақ теңгені тұрақтандырып, бағамның күрт өсуін болдырмау және нарықты валютамен қамтамасыз ету үшін интервенция жүргізілгенін айтты. Мамандар мұны экономикамыздың мұнай өндірісіне көбірек тәуелді болуымен байланыстырады. Алдағы бір жылда инфляция деңгейі 12,5% болады деген болжам бар.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен бағаның өсу қарқыны артты. Қазан айында жылдық инфляция ұзақ уақыт баяулағаннан кейін 8,5%-ға дейін қайта көтерілді. Қыркүйекте ол 8,3% болған еді. Инфляцияның көтерілуіне ақылы қызметтер бағасы да әсер етіп отыр. Қазан айында бағаның бір айдағы өсу қарқыны 0,9%-ға жетті. Бұл экономикадағы проинфляциялық қысымды және инфляциялық үрдістердің тұрақсыздығын білдіреді.
Ұлттық банк төрағасы доллар бағамының өзгеруі басқа елдерден әкелінетін тауарлардың құнына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Қазір, интервенция тоқтатылды. Әрі қарай курс нарықтық факторларға сәйкес қалыптасады.
Серік Жұмабек