Еден жуушы болып еңбек ететіндерге құрмет көрсеткен балалар. Бүгін Астанадағы 36 мектеп оқушылары тазалыққа жауапты жандарға тәтті сыйлап қуантты. Сол әдемі сәтті көріп алсақ.
Бұл мектепте үш еңбеккер осындай сыйлыққа ие болды. Балалардың шынайы ниетіне қуанған тазалықшылар алғысын айтты. Айта кетейік, мектепте еңбек ететін қарапайым жұмысшыларға тәтті сыйлау тренді, әлеуметтік желіде кең таралған. Бейнежазбаны көргендер оқушылардың еңбекті бағалаған сәттерін қолдап жатыр.
Айнаш Тұрғанова, №36 мектеп директоры:
Балалардың көзқарасы, адамгершілігі, жомарттығы барлығы осыған жатады ғой. Еден жуушылардың еңбегін бағалай білсе, өздері де солай еңбекқор болып өседі деп ойлаймын. Бұл челлендж осындай тәрбие береді.
Балаларды құндылықтар арқылы тәрбиелеу керектігін президент Ұлттық құрылтайда айтты. Биыл ел мектептерінде «Біртұстас тәрбие» бағдарламасы енгізіле бастады. «Мейірбандық, ұлтжандылық, үлкенге құрмет көрсетуді дәріптеуге бағытталған бұл бағдарлама игі істерге ұласып жатыр», дейді мектеп басшылығы.