Қазақстандықтар ең көп саяхаттап баратын үш елдің бірі Түркия. Жыл сайын Анадолыда 500 мыңнан аса отандасымыз демалады. БҰҰ мәліметтеріне сай Түркияға өткен жылы 56 млннан аса адам саяхаттап барған. Бұдан ел қазынасына 54,3 млрд доллар пайда түскен. Төрт жағалауын теңіз шайған Түркия туристер үшін әрі арзан, әрі қолайлы елдердің бірі болып тұр. Бауырлас елдегі туризм туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Дүниежүзілік туризм ұйымының есебінше, 2024 жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Түркия ең көп турист барған 5 елдің қатарында. Халықаралық ұйым жасаған тізімде үздік бестікті Франция бастап тұр, одан кейін Испания, АҚШ, Италия, ал бесінші сатыда Түркия. Анадолы еліне 9 айда 54 млн 600 мың адам саяхаттап келген.
Мехмет Нури Ерсой, Түркияның мәдениет және туризм министрі:
Жасанды интеллектіні туризм саласына енгізуді жан-жақты жоспарлап отырмыз. Елімізді туристерге жасанды зерде арқылы таныстыра отырып, саяхатшылардың қызығушылығын арттырмақпыз. Бұдан бөлек мұражайларымыз бен мәдени құндылықтарымызды қатардағы қызметкерлер емес, жасанды интеллект таныстырса, келген адамдарға молырақ мағұлмат береді.
Түрік туризмінің тағы бір тірегі - медицина. Жыл сайын Түркияға демалу үшін емес, ем алу үшін 2 млн адам келеді. Сапа мен баға үйлескен соң медициналық туризм бойынша келетіндер саны жыл сайын артып отыр.
Тимур Полат, шетелдік науқастарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы:
Түркияда медицина саласы кейінгі жылдары жылдам дамыды. Соңғы он жыл ішінде әлемдегі ең сапалы медициналық қызмет көрсететін елдердің қатарына енді. Мұның басты себебі мемлекет тарапынан медициналық туризмді дамыту үшін стратегиялық дұрыс жоспар жасалуы. Сондай-ақ жекелеген ауруханалардың науқастарға сапалы қызмет көрсетуінде деп ойлаймын.
Түркия туризмінің бір ерекшелігі мұнда әркім өзі іздеген дүниесін табады. Яғни теңіз бен жағажайдан бөлек, тарихи турлар, гастротуризм мен тұмса табиғатқа саяхат сияқты туризм түрлері де бар. Осылайша Түркия 2028 жылы елге келетін турист санын 80 млнға жеткізіп, саяхатшылар ең көп баратын әлемдегі үш елдің қатарына енуді межелеп отыр.
Айдос Әшімұлы