Балаларды әлеуметтік желіден тыю мүмкін бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаларды әлеуметтік желіден тыю мүмкін бе?

02.12.2024

Әлемнің бірқатар елінде балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Егер Австралияның тәжірибесі ойдағыдай нәтиже берсе, өскелең ұрпақтың интернет платформаларға кіруін шектейтін мемлекеттер көбеюі мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Австралияда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салатын заң қабылданды. Ол келесі жылы күзде күшіне енуі керек. Тыйымды бұзған әлеуметтік желілерге айыппұл салынады, бірақ жасөспірімдердің өздері шектеуді айналып өтсе, ешқандай жазаға тартылмайды. Елдің байланыс министрлігінің мәлімдеуінше, 14 пен 17 жас аралығындағы балалардың үштен екісі интернетте аса зиянды контентті көрген. Солардың қатарында есірткі тарту, өзіне қол жұмсау, дене мүшесін зақымдау, зорлық-зомбылық туралы материалдар бар.

Жаңа тыйымды билікпен бірге ата-аналардың көбі қолдады. Дегенмен, пайдаланушының жасы нақты қалай анықталатыны әзірге белгісіз. Австралия үкіметі алдағы айларда бірнеше технологияны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Олар биометрикалық деректер мен жеке бас туралы мәліметтерге негізделуі ықтимал.

Түркияда да балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салынуы мүмкін. Ел Парламентіндегі Технология және коммуникация жөніндегі комитеттің жұмыс тобы цифрлық қауіпсіздік туралы құжатты талқылап жатыр. Ол жобада балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары қарастырылған. Жұмыс тобындағы мамандар бұл мәселені шешу үшін 13 жастан төмен балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салатын заң қажет екендігін айтады. Бұдан бөлек, Түркияда балалардың смартфон қолдануын заңмен шектеу жайы да көтеріліп отыр.

2023 жылы Франция да осындай заң қабылданып, 15 жасқа толмаған балаларға ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салынды. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, балалардың жартысына жуығы сол тыйымды айналып өту үшін VPN пайдаланып жүр.

Ал АҚШ-тың Юта штатының федералдық соты конституцияға қайшы деп тапқандықтан, осындай заң күшін жойған. Ресейде 14 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу туралы заң 2017 жылы Мемлекеттік Думаға ұсынылды. Бірақ ол құжат Кремль тарапынан қолдау таппағандықтан қабылданбай қалды.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу