Шығыстағы Бұқтырма су қоймасына салынған жаңа көпір жүк тасымалдау саласының әлеуетін арттырды. Енді кез келген көлемдегі жүкті екі жағаға ауыр техникамен алып өте беруге болады. Ең бастысы елдің шығысындағы төрт ауданның тұрғындары қатынас үшін инфрақұрылымның шешілгеніне қуанып отыр.
Бұқтырмаға көпірдің салынуы шекарадағы аудандардар үшін біраз мәселенің шешілуіне септігін тигізді. Жүк тасымалының көлемі артып, жол қысқарды. Бұл азық-түлік пен тауар бағасына да әсер етеді. Бұрын Марақакөл мен Күршімнен шықан жолаушылар Өскеменге 3-4 сағат жүретін. Енді арғы-бергі жолды 2 сағатта еңсереді.
Жұматай Қарағызов, Күршім ауылының тұрғыны:
Өскеменге тойға барсақ қайтуға асығатынбыз. Кешке үлгермей қалсақ, тоғызда ақырғы паром деп. Үлгермей қалсаң таң атқанша тұрасың. Талай тұрдық. Мынау енді екі жарым, үш жылға жетпей салынды ғой. Өте жақсы. Жылдам салынды. Өйткені бұл Президентіміздің тікелей қадағалауымен салынды.
Нәзима Нұқышева, Құйған ауылының тұрғыны:
Мен өзім студент кезімде келіп қайтуым өте қиын болатын. Қыстыгүні келмеуге тырысатынбыз. Өйткені қызыл су шығып кетеді. Паромның соңғысы тоғызда жүреді. Одан кейін жүрмейді. Содан арғы жағада қонып қалады. Үш паром жүрген кезінде де үлгермеді.
Құрылысы ауқымды және күрделі болса да отандық мамандар салды. Кенжебек Жанұзақов көпірдің алғашқы тасы қаланғаннан бастап жұмыс істеп жүр. Шет елде инженер-құрылысшы мамандығын бітірген соң бірден Бұқтырма көпіріне келген.
Кенжебек Жанұзақов, инженер:
Мен өзім Күршім ауданының тумасы болғандықтан, 60-70 жылдай біздің әке-шешеміз аңсаған осы көпірде ат, салысып жұмыс істегеніме қуанам. Осы көпірді өзіміздің мамандар салып шықты. Басынан аяғына дейін. Алдағы уақытта да көпір, жол, үлкен-үлкен жобалар сала алады. Өйткені бұл жерде тәжірибе жинақталды.
Көпірдің ұзындығы 1316, ені - 12 метр Құрылысына облыс және республикалық бюджеттен 60 миллиардтан астам теңге бөлініп, үш жарым жылда толық пайдалануға берілді. Тәулігіне 80 мың автокөлік өте алады. 400-500 маман күндіз-түні жұмыс істеді.
Олжас Керейхан, тілші:
Арғы жаға мен бергі жағаға паром арқылы бұрын 45 минутта өтетін. Тіпті желді күндері паром мүлде жүрмей қалатын. Қазір 1-2 минутта кез келген автокөлік өте шығады. Бұл бір. Екіншіден, Бұқтырманың сол жағалауындағы үш ауданның тұрғындары бұрынғыдай паромға тәуелділіктен құтылды.
Дегенмен екі жағаға 60 жыл қатынаған паромдар қаңырап мүлде тоқтап қалмайды. Бұқтырмаға келген туристерді тасымалдауы мүмкін. Немесе Қатонқарағай бағытындағы өткелге апару жоспары да бар.
Олжас Керейхан